Қостанайдағы жарылыс салдарынан 11 адам ауруханаға түсті
Қостанайдағы техникалық қызмет көрсету станциясында жарылыс болып, 7 адам үйінді астында қалды.
Оқиға түскі бірлер шамасында тіркелді. Жергілікті Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше,, ғимаратта газ-ауа қоспасы жарылған. Соңғы ақпарат бойынша, құтқарушылар үйінді астынан төртінші адамның денесін алып шықты. Тағы екі адам үйінді астында қалып отыр. Оқиға орнынан барлығы 11 адам ауруханаға жатқызылды. Қатты аяз бен ғимарат қирандыларының көп болуы іздеу жұмыстарына кедергі келтіріп жатыр. Мамандар оқиға орнындағы құтқару жұмыстарын күшейтті. Оған 200-ге жуық адам жұмылдырылған. Жедел штаб құрылды. Апат аймағында арнамыздың тілшілері жүр. Мән-жайын алдағы жаңалықтарда баяндайды.
Қайрат Қасым, Қостанай облыстық ТЖД бастығы:
- Қазіргі уақытта төртінші адамның денесін таптық. Инженерлік техникамен плиталарды біртіндеп көтеріп жатырмыз. Жұмыс өте ауыр. Аса сақтықты қажет етеді. Өйткені, нысан иесінің айтуынша, үйінді астындағы тағы екі адам болуы мүмкін. Әрине, олардың тірі қалғанын тілейміз. Мұндай температурада жұмыс істеу өте қиын.