Талдықорғанда тұрғындардың коммуналдық қызмет жұмысына көңілі толмайды
Талдықорғандағы коммуналдық кәсіпорындар қала аумағынан 1500 текше метр қар шығарды.
Үш күннен бері толассыз жауған ақ ұлпаның қалыңдығы бүгін 25 сантиметрге жетті. Жауапты мекемелер қала көшелері мен жаяу жүргіншілер жолын қардан дер кезінде аршып үлгермей жатыр. Жетісу облысының орталығында жолдарды қысқы мезгілде күтіп ұстау жұмыстарына 87 бірлік техника мен 200-ге жуық адам жұмылдырылды. Дегенмен жергілікті тұрғындардың коммуналдық қызмет жұмысына көңілі толар емес. Қаланың қысқы мезгілдегі тазалығына 3 мердігер ұйым жауап береді. Қала 4 бөлікке бөлінген. Жолдарды күтіп ұстау жұмыстарына бюджеттен 370 млн теңге бөлінсе, бүгінде соның 70 пайызы игерілген.
Шәймерден Манасбаев, қала тұрғыны:
- Жаяу жүргіншілер жолы енді таза емес, тазаланбаған. Ал былай құм себіліп, бәрі дұрыс. Енді менің айтарым мына үлкен трасса жаққа кішкене көңіл бөлсе. Әсіресе мына светофор, жолдың бойында Бақтыбай ауылы бар, арғы жағында Кировск. Остановкаларға құм себілсе деймін.
Нұрбақыт Алтынбеков қалалық автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы:
- Қазір күндіз-түні екі сменде жұмыс жүргізіліп жатыр. Үлгергенінше күреп жатыр қазір. Бірінші, кешеден бастап жолдарды ашып бердік, барлық жолдарды. Инертті материалдар себілген. Қала өскен сайын техникалар жетіспеушілігі бар, бірақ үлгеріп жатырмыз. Жаяу жүргіншілер жолы бойынша бізде 8 «Пони» автокөлігі бар. Жолдар аршылып жатыр.