Арал теңізі тартылып барады
Жарты ғасырға жуық экологиялық апат шеңгеліне түскен Арал теңізі тартылып барады.
Өткен ғасырдың 60-жылдарынан бері тоқтаусыз қасіретке ұшыраған сулы алаптың құрғаған ұлтаны 4 миллион гектардан асты. Аралға қолдан келгенше көмек көрсетіліп жатқаны рас. Дегенмен Сырдария мен Әмударияның сағасы құрғап, кезінде 70 мың шаршы шақырым аумақты қамтыған айдынның қазір жартысы да жоқ. Тұран ойпатының көгілдір алқасы саналатын теңізді жағалай қоныстанған жұрт ең болмаса Кіші Аралды сақтап қалуды сұрап отыр.
75 жастағы Күнтуған Тұрғанбаев бала күнінде шалқып тасыған Аралды көрген. Әкесімен асау толқынды айдынға ау салып, тонналап балық тартқан кездер қазір көрген түстей сағымға айналды, дейді ақсақал. Теңіздің кенезесі кепкен 80-жылдары Ырғыз бен Алматының көлдеріне барып балық аулаған. Нәпақа теріп тіпті Өскемен маңайындағы су қоймаларына қармақ салған. Сырдария арнасын реттеу және Арал теңізін сақтау мемлекеттік жобасы іске асырылған 2000 жылдары туған жерге оралған балықшы теңіздің қайта түлегенін көріп қуанғанын айтады. Бірақ соңғы 3-4 жылда айдындағы тіршілік нәрі қоры тым төмендеп кеткен.
Күнтуған Тұрғанбаев, балықшы:
- Суды егінге алады да теңізге қарай су болмай қалады. Сол күзге дейін су болмайды. Соныменен теңіз бұрынғы деңгейіне келмей қайтып кетеді. Оны толтыру үшін бірталай су керек. Бізге осы у мәселесіне көмек болса дейміз. Балығымыз өседі, халықтың тіршілігі жақсарады. Қазір бұрынғыдай емес балық нашарлап кетті.
Әзімбай Жолмырзаев, Қаратерең ауылының тұрғыны:
- Көбісі әсіресе жастар жағы сыртқа барып жұмыс істеп жүр. Вахталық жұмыстар істейді. Теңізге су ғой керегі бізге. Су болса жастар осы ауылда айналар еді. Ауылдың тұрмыс-тіршілігі де жақсарар еді.
Ғасыр жобасына баланған САРАТС аясында Ұлы теңіз бен кіші Аралды бөлу үшін тұрғызылған 9 өткізгіші бар Көкарал бөгеті қазір апатты жағдайд
Қамбар Бекенов, тілші:
- 2005 жылы салынған Көкарал бөгеті сыр берген. Гидронысанның 200 метрдей бөгетін су шайып кетті. Қазір оны таспен нығыздау жұмыстары жүріп жатыр.
Арал теңізіне жыл сайын 3 млрд текше метр су құйылуы тиіс. Бірақ соңғы жылдары бекітілген лимиттің тек жартысын ғана алып келеді. Қалыпты көлемде тіршілік нәрімен толмайтындықтан айдын суы тұзданып кеткен
Батырхан Пірекеев, табиғат пайдаланушы:
- Ғылым бойынша балық 12 промильде уылдырық жаруын тоқтатады. 16 промильде қоректенуін тоқтатады. Біз былтыр тексерген кезде теңіздің жағдайы өте төмен болды. 10-нан 24 промильге дейін барды. Шикізат қорының азаюына байланысты Арал, Қазалы аудандарындағы көптеген зауыттар келешек тоқтап қалуы мүмкін.
Қазір табиғат пайдаланушыларға ауланған балықты терең өңдеп сату міндеті қойылған. Келісі 10 еуроға бағаланатын көксеркенің жон етін Еуроодақ аттай қалап алады. Ал торта, ақбалық, тыран, шортандар ішкі нарықтан бөлек Ресей мен Грузияға жөнелтіледі. Алайда су алабын 18 аумаққа бөліп алған табиғат пайдаланушылар шикізат қорының жетіспеушілігін айқын сезініп отырмыз, дейді.
Әділбек Әйімбетов, "Балық шаруашылығын дамыту" консорциумының төрағасы:
- Балықшы көп балыққа үйреніп қалды. Біз балық аулауды білеміз, балық өңдеуді білеміз. Бізде проблема балық өсіру. Осымен айналысуымыз керек. Ал үлкен проблема - ол енді облыс, республиканың мәселесі. Сырдарияның суы толық болса, кіші Арал деңгейін ұстап тұрса деген арман.
Қамбар Бекенов, тілші:
- Қазіргі таңда Сырдария бойымен облыс аумағына секундына 407 текше\метр су келіп жатыр. Соның 50 текше\метрі ғана Аралға дейін жетеді. Не дегенмен теңіз дауылы мен өмір соқпақтарында желкенін жықпаған жұрт тағдырын айдынды Аралмен байланыстырады. Теңіз басына туған зар-заман сәттен құтылып, ақ көбік атқан толқыны жағаға толассыз ұратын күн жақын деп сенеді.
Авторлары: Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев, Айтмұхамбет Бәйділдаев