Ұлттық қор - балаларға: Елде 7 млн бала бар

Келер жылдың ақпан айынан бастап "Ұлттық қор - балаларға" жобасы аясында алғашқы төлемдер жасалады.

Ата-аналар балаларының құжатын реттеп, деректер базасынан шет қалмауы үшін қазірден қамданғаны жөн. Президент тапсырмасы негізінде іске асатын бағдарлама шеңберінде қаражат Ұлттық қордың инвестициялық табысынан 50 пайыз мөлшерде елдегі барлық балаға тең бөлінеді. Жеткіншек кәмелет жасына толған кезде жинақталған қаржысын 10 жыл ішінде білім алу мақсатында немесе баспана жағдайын жақсартуға ғана пайдалана алады. Емдік шараларға жұмсауға рұқсат жоқ. Аталған мерзімде ақшаны жаратпаса, жинақ баланың зейнетақы қорына автоматты түрде аударылады.

Айбол Арғынғазинов, ҚР Қаржы министрлігі департаментінің директоры:

- Шетелдік оқу орнында оқу ақысын төлеуге қаражатты пайдалану шектелмейді. Тұрғын үй жағдайын жақсарту бағыты бойынша қаражатты тек қана Қазақстан Республикасының аумағында пайдалануға рұқсат етіледі. Сонымен қатар, ол қаражатты бастапқы жарна ипотекалық қарыздар бойынша төлем ретінде аударуға мүмкіндік беріледі. Егер де, жаман айтпай жақсы жоқ, бала қайтыс болған жағдайда қаражатты қандай да бір мақсатта пайдалану бойынша шек болмайды. Ата-аналар өз қалауынша қаражатты пайдалана алады.