Сары аяздағы сауапты іс
Өңірлерде аяз қаһарынан қайтар емес. Кей жерлерде температура -40 градусқа дейін төмендеді.
Мамандар бұл күндері алыс жолға шықпауға кеңес береді. Өткен тәулікте Түркістан облысында ескертуді елемеген 287 адам құтқарылды. Оның 30-ы бала. Қатты аяз бен ақтүтек боран қыспаққа алғанда полиция қызметкерлері көмекке келді. Сақшылар далада қалған тұрғындарға ыстық шай тасып, жұртқа жылу сыйлап жүр.
Елдің оңтүстігінде боран әлі ұйытқып тұр. Екпінді жел көз аштырмайды. Бірнеше жолды қар басып қалған. Қазір Төлеби, Түлкібас, Қазығұрт, Созақ, Сайрам және Бәйдібек аудандарына қатынас тыйылды. Ал ескертуді елемеген 40 шақты жеңіл және 50-ге жуық жүк көлігі Шақпақ баба елдімекенінде қаңтарулы тұр. Сары аязда жолда қалғандар Түлкібас ауданы маңында 3 жылыту пунктін жеткізілді.
Талғат Досалиев, облыстық ТЖД басқарма бастығы:
- ПД және жол қызметінің күштерімен жолда қалған 287 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Оның ішінде 35 бала. Қауіпсіз жерге көшірілген адамдар Түлкібас ауданындағы Сазтөбе мешітіне, Жаскешу аулына және М.Әуезов атындағы универитет жатақханасына орналастырылды. Ауа райы әлі басылған жоқ. Облыс тұрғындарынан ұзақ жолға шықпауды сұранамыз.
Сары аяздағы сауапты іс
Қарағанды облысында да аяздың беті қайтпай тұр. Кей жерлерде ауа температурасы -35 градусқа дейін төмендеді. Күн суыса да, көңіл суымасын десе керек, облыстық мешіттің имамдары «тегін такси» науқанын бастады. Олар күнделікті аялдамада тұрған жолаушыларды тегін тасымалдайды. Әсіресе балалы жолаушылар мен егде тартқан қарттарға бірінші кезекте көмек береді. Қазір еріктілер құрамында 30-дан аса адам бар.
Қоныскерей Құмарұлы, облыстық "Әнет баба" мешітінің наиб имамы:
- Қарағанды облысының 6 мешітінің жамағатымен еріктілердің ниетімен 30 ға жуық машина шығарылып, қазіргі 4-тен, кешке дейін ұйымдастырып жатыр. Алла осы іске береке берсін. Адамдарға жақсылық жасаудан ешқашан шаршамайық.
Жүрегі жылы жол сақшылары
Шығыс Қазақстанда дизелді отынмен жүретін көліктерге жолға шығуға тыйым салынған. Түнгі уақытта сынап бағанасы -40 градусты көрсетті. Бүгін Өскеменде қоғамдық көлік қозғалысы баяулады. Осындай қысылтаяңда полиция қызметкерлерінің әрекеті жүрекке жылу ұялатты. Олар аязды күні далада қалған жолаушыларға ыстық шай мен сусын ұсынып жүр. Десе де бас амандығын бәрінен биік қойып, әлі де болса алыс сапарға шықпауға кеңес береді.
Авторы: Назерке Тоқжан