Мемлекеттік сатып алуда олқылық көп
Мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдардың сатып алу жүйесі бірыңғай платформаға біріктірілуі тиіс.
Бүгінде квазисектордағы ірі компаниялар конкурстық рәсімдерді жекелеген платформаларда өткізеді. Ал ондағы сатып алулар көлемі 10 триллион теңгені құрайды. Сарапшылар мұндай жүйе нарықта әділ бәсекелестікке нұқсан келтіреді дейді. Өйткені, квазисектордағы сатып алуларда жариялылық пен ашықтық саясаты төмен. Ал депутаттар тендерді ұтып алып, жұмысын жол ортада тастап кететін мердігерлерге жауапкершілікті арттыруды ұсынды. Енді қара тізімге ілінген бизнес субъектілері конкурсқа қайта қатысу құқығынан айырылуы мүмкін.
Анас Баққожаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бір адам бірнеше компанияға құрылтайшы болып кіреді. Жақындарын кіргізеді. Кейін «Қара тізімге» кіріп кетсе, басқа компаниясымен қатыса береді. Сондықтан біз түзетулер енгізіп отырмыз. Олардың құрылтайшылары, құрылтайшыларына байланысты басқа компаниялар, олардың жақындары, оларға қатысы бар басқа компаниялар «Қара тізімге» ену керек.