Жетісу облысында ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні аталып өтілді
Салтанатты жиында ел несібесін молайтқан еңбеккерлердің аймақ дамуына қосқан сүбелі үлесі айтылды.
Биыл өңір шаруалары 324 мың гектар жер игеріп, 544 млрд теңгенің өнімін өндірді. Мерекелік шарада сала үздіктеріне құрмет көрсетіліп, екі шаруашылық жетекшісіне арнайы техника тарту етілді.
Су жаңа трактордың бірі Алдан Бекеевке берілді. Ол екі жылдан бері Кербұлақ ауданында қант қызылшасын өсіруге болатынын іс жүзінде дәлелдеп келеді. Тәлімді жерден тәтті түбір алу үшін шаруа су үнемдеу технологиясын енгізді.
Алдан Бекеев, шаруашылық жетекшісі:
- Былтырғы жылы 6 фрегат қойдық. 18 дождевальный мәшине бар. Келесі жылы тағы да он екісін қоямыз деп отырмыз. Жеті жүз гектарға жеткізіп, өнімділігін 600 гектардан аламыз деп отырмыз.
Салтанатты шарада саланың дамуына үлес қосқан еңбеккерлер марапатталды. «Еңбек ардагері» төсбелгісі Алпамыс Баяхметовке табыс етілді. Ал Мақаш Әшірбеков «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» атанды. Бұдан бөлек жиырма шақты шаруаға қаржылай сертификат, құрмет грамоталары мен алғыс хаттар берілді. Облыс әкімі шаруалардың өңір өркендеуіне қосқан еселі еңбегін атап өтті.
Бейбіт Исабаев, облыс әкімі:
- Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облысынан кейін алынған дәнді дақыл бойынша республикада төртінші орында тұрмыз. Тоғыз жүз мың тонна қамбаға дәнді-дақыл құю ол оңай жұмыс емес. Сондықтан осының бәрі сіздердің маңдай терлеріңізбен, еңбектеріңізбенен ыстыққа суықта жүріп, еңбектеріңіздің жемісі. Сондықтан осы еңбектеріңіз үшін үлкен алғысымды білдіргім келеді.
Аймақ дихандары дәнді-дақылмен қатар биыл 8700 гектарға қант қызылшасын септі. Одан 370 мың тонна тәтті түбір жинады.
Әбілхайыр Бексұлтанов, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты:
- Қант қызылшасынан биыл скл гектарынан 420 центнерден өнім алынды. 40 мың тоннадан артық өнім алынғалы отыр. Қазіргі өндірілген қанттың көлемі облыстың қажеттілігін толық қамтамассыз етітін жағдайы бар.
Жетісу облысында жиырма бір мыңнан аса шаруашылық жұмыс істейді. Биыл олардың қатары «Ауыл аманаты» бағдарламасымен ашылған 500 ге жуық серіктестікпен толықты.
Асхат Мәлімбаев, наубайшы:
- Ауыл аманатымен 2,5 пайыздық несие алдық. Наубайхана ашып ауылға нан пісіріп жатырмыз. Қазір ауылды қамтамассыз етіп отырмыз. Болашақта аудан облысқа шығарамыз нанды.
Келесі жылы облыста жаңа сүт фермасы, мал бордақылау кешендері және өнім өңдейтін кәсіпорындар ашылады. Аймақта құны 40 млрд теңге болатын 15 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев