Зиянкестерден келер қауіп көп

Өсімдікке қауіп төндіретін карантиндік зиянкестер ерекше бақылауда болуы тиіс.

Бұл туралы Алматыда өткен «Фитосанитарлық қауіпсіздік: Қауіп-қатерлер және шешу жолдары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтылды. Ел аумағында бүгінге дейін карантиндік зиянкестің 14 түрі тіркелген. Ал Кедендік одақ елдері мен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің аумағында 400-ден аса түрі кездеседі. «Күрес күшеймесе кірме жәндіктердің саны бірнеше есеге артуы мүмкін», - дейді ғалымдар. «Тұқым аурулары да белең алып отыр. Нақтырақ айтсақ, жүгеріні, бидай мен арпаны қара күйе жеп жатыр. Бұл аурулар өнімді 80 пайызға азайтады. Сондықтан диқандар егін сеппей тұрып, фитосараптама жасағаны жөн», - дейді мамандар. Шегірткеге қарсы өңдеу жүргізу де маңызды.

Бақытжан Дүйсенбеков, "Ж. Жиенбаев атындағы қазақ өсімдік қорғау және карантин" ҒЗИ басқарма төрағасы:

- Біз аграрлық ғылым соның ішіндегі өсімдік қорғау және карантинге маңызды көңіл бөлмесек, біздің территориямызда үлкен шығындарға ұшырауы мүмкін. Оның бірден-бір мысалы білесіздер 10-12 жыл сайын шегірткенің күрт жаппай көбеюі. Биыл соның бастамасын көрдіңіздер. Яғни, бұл бағытта аграрлық ғылым соның ішінде өсімдік қорғау, өсімдік дәрігері алдыңғы шепте тұрмайтын болса, онда біз үлкен шығынға ұшырау қаупі бар.