Петропавлда құбырдағы газ қатып қалды
Петропавлда қақаған аязда құбырдағы газ қатып жатыр.
80 - ге жуық көп қабатты тұрғын үй көгілдір отынсыз қалды. Жөндеу бригадаларында тыным жоқ. Мамандардың айтуынша, газдың қату себебі- коммуналдық кәсіпорын жазғы отынды пайдаланып отыр.
Галина Папстың үйінде дүйсенбіден бері газ жоқ. Зейнеткер тамақты электр плитада дайындайды. «Қуаты әлсіз, пісіп болмайды»- дейді.
Галина Папст, қала тұрғыны:
- Газды сәрсенбі 3 сағатқа беріп, қайтадан сөндіріп тастады. Бұл үйде 19 жыл тұрамын. Сұйық отынның болмауы бірінші рет.
Петропавлда өткен аптаның ортасынан бері қытымыр аяз. Қатты суықтан 80 - ге жуық үйдің газы қатып қалған. Жөндеу бригадасы біраз үйді газ желісіне қайта қосты. Дегенмен...
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Бұл жағдай қыс бойы қайталануы мүмкін. Өйткені, қаладағы көпқабатты тұрғын үйлер қысқы емес, жазғы газға қосылып отыр.
Қаланы газбен қамтитын компания басшыларының айтуынша, қыста сұйық отынның «техникалық пропан» түрі қолданылуы тиіс. Бірақ, іс жүзінде жазғы отынды пайдаланып отыр.
Рита Сумликина, газбен қамту кәсіпорны директорының міндетін атқарушы:
- Табиғи монополияларды реттеу департаменті техникалық пропанның бағасын жазғы газдың бағасымен бекітті. Сондықтан қысқысын сатып ала алмадық. Енді қатып жатыр.
Жауаптылардың айтуынша, жаздың басында газбен қамту ұйымынан тарифті 25 пайызға өсіру жөнінде өтінім келіп түскен. Бірақ, комиссиялық талдау кезінде олардың есебі дәлелденбеді. Керісінше бұған дейін төлемге қосқан шығындары расталмай қалған.
Дамир Тоқтамысов, табиғи монополияларды реттеу комитетінің СҚО бойынша департамент басшысы:
- Бұл субъект тарифтің құрамындағы амортизациялық аударымды негізсіз басқа бағытқа жұмсаған екен. Сол талдау барысында біз оны анықтап, тарифтің құрамына енгізіп, негізгі себеп болып отырған осы. 91 млн теңге негізсіз жаратылып отыр.
Қазір қала бойынша 10 көпқабатты үй, яғни мыңға жуық пәтер газсыз отыр. Мамандар оларды кезек - кезекпен қосып жатыр. Ал ауа райын болжаушылар, демалыс күндері аяздың беті қайтады деп отыр.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков