Алматылықтар «Тәуелсіздік» монументіне гүл қойды

Бүгін мерекеге орай алматылықтар ел егемендігінің символы «Тәуелсіздік» монументіне гүл қойды.

Салтанатты шараға қала әкімі Ерболат Досаев, соғыс ардагерлері мен желтоқсаншылар қатысты. Алматы облыстық гарнизонының әскери қызметшілері Республика алаңынан салтанатты түрде жүріп өтті. Содан кейін желтоқсан құрбандарын бір минуттық үнсіздікпен еске алды. Жиын соңында Алматы облыстық гарнизонының әскери үрмелі аспаптар оркестрі мен сарбаздар Мемлекеттік әнұранды орындады.

Серік Мұхаммедәлі, Желтоқсан оқиғасына қатысушы:        

- Бүкіл қазақстандықтарды, бүкіл қазақ жұртын, басқа да ұлттардың барлығын бүгінгі Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын. Осында келіп, бас иіп, қол жайып, Құран оқығандарға алғысымды білдіремін. Жастар көбірек келсе екен, алаңға келіп, қолдарын жайып. Өмірден өтіп кеткен боздақтарды еске алу деген нәрсе бізде ұмытылмаса екен.