Ұлытаулық желтоқсаншы жастық шағын ұрлаған оқиға жайында айтып берді

Желтоқсан оқиғасына сол кездегі Жезқазған облысынан қатысқан адамдардың нақты саны белгісіз.

Анығы, 30-ға тарта азамат қуғынға ұшырады. Бірнешеуі темір торға қамалды. Солардың бірі – ұлытаулық Дүйсенбек Байболов. 5 жыл өмірін түрмеде өткізген азамат «Желтоқсан оқиғасының әлі де ашылмаған құпиялары көп» дейді. Оған бір ғана дәлел, жазықсыз жаламен «бүлікші» атанған қаншама желтоқсаншы әлі күнге ақталмай келеді.

Дүйсенбек Байболов Желтоқсан оқиғасы кезінде Алматы байланыс техникумының 2 курсында оқитын. Азаттық үшін алаңға барған ол сақшылардың фото тұзағына ілігіп қалған. 1,5 ай тергеуден соң сот 5 жыл жаза кесті. Ұлттың намысы үшін басын бәйгеге тіккен азаматқа тәртіпсіздік ұйымдастырды деген айып тағылды.

Дүйсенбек Байболов, Желтоқсан оқиғасына қатысушы:

- Түнде тергейді, күндіз тергейді. Сол бір сарын әңгіме. Не үшін шықтың? Қандай мақсат? Қонаев сенің кімің еді? Қонаевтың жырын жырлайтын сен кімсің? Деген неше түрлі сөздер. Мен айтам, Қонаевтың туысы болсам, мен не үшін оқимын онда? Диплом онсыз да өзі келеді ғой деп.

Жаза мерзімі аяқталуға жарты жыл қалғанда Президент жарлығымен босап шықты. Бірақ 3 жылға дейін ауылдан аттап шығуға тыйым салынды. Соның кесірінен оқуды да жалғастыра алмады. «Сотталғансың» деп еш жер жұмысқа да қабылдамаған.

Дүйсенбек Байболов, Желтоқсан оқиғасына қатысушы:

- Жұмыс түгілі, өзімнің туыстарымның өзі теріс қарап кеткен күндер болды ғой. Мен өйткені «Халық жауымын» ғой. Үкіметке қарсы шығып тұрмын. «Статьям» ауыр. «Статьям» 60/65. «От звонка, до звонка» дейді. Бұрынғы Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлиндер секілді «Халық жауымыз».

«Желтоқсан айы басталса, жүрегім аузыма тығылып, өзімді жайсыз сезінемін», - дейді ол. Себебі арада қанша жыл өтсе де, желтоқсан салған жара жазылмақ емес. Дүйсенбек Байболұлы ешқашан естен шығармайтын бір дата бар. Ол – Қонаевтың туған күні.

Дүйсенбек Байболов, Желтоқсан оқиғасына қатысушы:

- 12 қаңтарды білмейтін де едім. Қонаевтың туған күні екен. Сол күн қатты есімде қалып қойды. Өлердей таяқ жедім. Сізге өтірік, маған шын, фамилиямды айта алмай қалдым. 2 күн тұра алмай жаттым. Бет-ауызды қойшы, ішкі құрылысты бітірді.

Желтоқсан оқиғасы жастық шағын ұрлады. Ауыр соққының салдарынан бір көзінен айырылды. Сынған қабырға мен қол-аяқ та ақырындап сыр беріп жүр. Дегенмен қайсар азамат өткенге өкінбейді. Жұртының жоғын жоқтаймын деп жазалы болған жігіт ағасын бүгінде елі алақанына салып аялап отыр. Былтыр Ұлытаудың Құрметті азаматы атанды. 10 жылдан бері Дүйсенбек Байболов жүлдесіне арналып күрестен аудандық турнир өтіп келеді.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева.