Павлодар облысында ауылдарға сапалы интернет желісі тартылды

Павлодар облысының елді мекендерін сапалы интернетпен қамту жұмыстары кезең-кезеңмен жүзеге асып келеді.

Мәселен Май ауданындағы Малайсары ауылында бұл мәселе түбегейлі шешілген. Жергілікті мектеп күрделі жөндеуден өтіп, ғимаратта оптикалық-талшықты байланыс құралдары орнатылды. Аязды күндері білім беру процесі бір сәтке де үзілмеген. Қашықтан оқытуда ешқандай кедергі жоқ.

Малайсары орта мектебінде аязға байланысты сабақтар онлайн режимге көшірілген. Тарих пәнінің мұғалімі Нұржан Берікұлы бір апта бойы қашықтан жұмыс істеп жүр. Айтуынша, ғаламтор байланысы бойынша мәселе жоқ. Байланыс сапалы, әрі тұрақты.

Нұржан Берікұлы, тарих пәнінің мұғалімі:

- Интернет жағынан сабақ өтпей қалу, интернеттің дұрыс істемей қалуы болған жоқ. Бізде жалпы мектеп бойынша 30 мегабиттей болса да, қазір бірде 10-12 мегабит жылдамдық болып тұр. Көріп отырсыздар, бәрі жақсы, таза істеп тұр.

Пандемия кезінде оқушылар компьютермен қамтылды. Құрал-жабдықтар бюджет есебінен сатып алынған. Сонымен қатар, соңғы жылдары оптикалық-талшықты интернет байланысы тартылды. Осылайша, ғаламтор мәселесі шешімін тапты.

Орынбасар Темірболатова, Май аудандық білім беру бөлімінің басшысы:

- 400-дей компьютер бар. Солар алынып, қазір аз қамтылған отбасыларға біз сол компьютерлерді таратамыз. Сонда әр балада компьютер бар. Біз оны қадағалаймыз. Бізде мектеп басшылары, мұғалімдер сабақ беріп отырғанда әрине онлайн форматта видеофиксациясын жасап, мектеп басшыларына жібереді, олар маған жібереді, солай қадағалап отырамыз процесті.

Облыста оптикалық-талшықты байланыс желісінің аясы кеңейіп келеді. Ғаламторға қосылуда ауылдарға басымдық берілген. Бүгінде сапалы интернет аймақтағы елді мекендердің барлығында бар.

Риза Әубәкірова, телекоммуникациялық компанияның клиенттермен жұмыс жөніндегі орталық жетекшісінің м.а:

- Биыл өңірде оптикалық-талшықты байланыспен қамту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Қазір Аққулы және Ақтоғай аудандарының ауылдарында радиокөпірлер орнатамыз. Сонымен қатар, Байлануыл ауданындағы шалғай жатқан Қаражар ауылының халқы сапалы байланысқа қол жеткізеді.

Айта кетейік, облыста «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Оның аясында 119 елді мекенде тегін Wi-Fi нүктесі пайда болады. Интернет тарату құрылғылары мәдениет үйлері мен мектептерде орнатылады. Кешенді жұмыстар шеңберінде алғашқы 5G базалық станциялары орнатылып жатыр.

Ақмарал Есімханова, Дәулет Қошқарбаев және Марат Игіліков