Ақжалдың волейболшы әжелері
Қарағанды облысы Ақжал кентінде жасы алпысты алқымдаған әжелер волейбол командасын құрған.
Ақжаулықты аналар тек аудандық емес, облыстық жарыстарда да жүлделі орын алып жүр. Егде жастағы әуесқой волейболшылар спорттан әзір қол үзбейміз дейді.
Әжелер командасы 23 жыл бұрын құрылған. Көбі жастайынан осы спорт түріне қызыққан екен. Команда жасақталған кезде қырықтан енді асқан келіншектер бүгінде әже болды. Біраз нәрсе өзгерді. Өзгермеген бір дүние - спортқа деген құштарлық. Олар әлі күнге дейін жарыстарға барып, топ жарып жүр.
Гүлмира Исатаева, команда мүшесі:
- Шетке аудандық жарысқа барғанда сондағы қыздар ой мына кемпірлер келді, қазір бізді жеңеді дейді сонда жеңеміз. Мықты қарсыластар жас қыздар ғой бізде. Қазір олар жақсы секіреді, ойнайды. Біз сәл кәрілеу болған соң сәл секіріп ойнаймыз.
Команда басында «Сәуле» деп аталды. Топ қайта жасақталған кезде ескі атауды қалдырған. Команданың капитаны да өзгерген жоқ. Дәриға Ақшолақова болып таңдалады. Қазір топтағы 6 ойыншы өз позициясын жақсы біледі. Капитанның айтқанын бұлжытпай орындайды.
Дәриға Ақшолақова, команда капитаны:
- Қазір бізде алды 62-де, одан кейін біз 61,60. Әлі күнге дейін команда капитанымын. Бүкіл жарыс, ауданға барамыз, ылғи 2,3 орын біздікі. Бір жеңіліген жоқпыз. Ақжал дегенде бізден қорқады, ойбай апалар келді деп.
Ардагер команданың әзірге алаңнан ойысатын ойы жоқ. Керсінше осында жүріп жастарға үлгі көрсетпек. Топқа түссе жүлдесіз қайтпайтын олар спорт денсаулық кепілі екенін жақсы ұғынады.
Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Зарина Зұлпыхар