Аламанға ат қосамыз

Түркі жұртының осы салтанатында өтетін аламанға ат қоссақ деп отырған ағайын көп. Астананың атбегілері де әлден қам жасап жатыр.

Әлішер Әли, тілші:

- Ата-бабаларымыз жылқы малын ерекше құрметтеп, дүбірлі додаларға қоса білген. Тіпті ат болар тайды үйірінде жүргенінен танып бір үйір жылқыға да айырбастаған. Қоғам жаңарып атағашында бір-бір жылқыдан тұратын қазақтың, босағасында бір-бір темір тұлпардан бар. Десек те ата-дәстүрді жалғастырып жүргендер де аз емес.

Бақыт Торғаев, атбегі:

- Зейнетке шыққалы, 12-ші жылдан шыққалы бері атпен шұғылданып келемін. Неше түрлі ат ұстадық міне. Лаки Глори деген ат болды. Президент кубогын ұтып алды Алматыдан. Экспоны ұтты. 1 жылда 4 машина ұтты. Конор деген ат болды. Конор да машина ұтты, лимузин ұтты. Одан кейін король деген болды олда сұмдық ат болды. Енді былтыр міне Қыранды алдық.

Қаршадайынан атқа шауып, талай жүйріктің қолтығын сөккен ағамыз қазір жетпістің бесеуіне аяқ басқан. Енді шәкірт тәрбиелеп, көрген-білгенін өскелең ұрпаққа үйретіп жүр. Солардың алды Мейіржан мен Нұрлан Қосалықов.

Нұрлан Қосалықов, атбегі:

- Осы атпен жүргеніме бала күннен жүрмін. Біраз бәйгеге шаптым өзім, біраз машиналар ұттым. Қазір осы Бақыт ағаның аттарын дайындап отырмын. Келесі жылы құдай бұйырса жақсы дайындықпен бәйгеде көрінеміз деп үміттенемін.

Бақыт Торғаевтың атын шығарған Қыран атты тұлпар. Биылдың өзінде 2 рет бәйгеге қосылып 2 еуінде де қара үзіп келіп, бас бәйгені алды. Қазір де осы Қыранды баптап отыр. Жаз шықса құйрық- жалын шарт түйіп тағы аламанға қоспақ. 

Бақыт Торғаев, атбегі:

- Енді алла қаласа келесі жылы көшпенділер ойынына қосамыз. Қыранды соған дайындаймыз. Қыран енді көрдініздер қандай ат екенін. Польшадан келген. Енді мінезі жуас міне көріп тұрсыздар. Байсалды. Мүшесін көрсеніздер міне кеуделі ат, шоқтықты, бота тірсек, көзінен де жақсы ат екенін байқап тұрсыздар.

"Қыранды" жер аяғы кеңігенде ғана жарата бастайды. Алдымен іріктеу чемпионатына қосады. Одан әрі үлкен той тұр. Елордада V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына 100-ден астам мемлекеттен 4 000-ға жуық спортшы келмек. Нақты 20 спорт түрі бекітілген. Соның ішіндегі атбегілердің елеңдеп отырғаны - бәйге. Жоспар бойынша шақырымына қарай 3 бірдей ұшқыр аттар бәйгесі, құнан, жорға жарыс өтеді. Топ, аламан түрлері де бар.

Тастанбек Есентаев, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының вице-президенті:

- Біздің дүниежүзілік көшпенділер ойынының регламентіне байлынысты ұшқыр бәйгеге әрбір қашықтыққа 2 аттан жіберіледі. Бірақ Қазақстан ұйымдастырушы болғандықтан әр қашықтыққа 4 аттан қосады. Топ, аламан, құнан бәйгелеріне басқа елдерден 3 аттан келуге келетін болса, Қазақстан 6 аттан қоюға болады.

Әлішер Әли, тілші:

- Өздеріңіз көріп тұрғандай Қыраннан бөлек Қарақұс, Лашын, Баянқасқа атты тұлпарлар келесі жылғы бәйгелерде бақ сынайды. Ер мен елдің атын шығаратын жүйріктеріміз көп болсын.