Ауыл баласы да тегін секцияға қатысады
Ауылдағы қарадомалақтар да тегін спорт үйірмелеріне барады.
Туризм және спорт министрлігі осындай құжат әзірлеп жатыр.
Осылайша, 2021 жылы Президент тапсырмасымен пилоттық режимде қолға алынған жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасы ауылға да баратын болды. Салаға бөлетін қаржы да жыл санап ұлғая түспек.
Қазір мыңдаған қазақстандық оқушы тегін спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерге барып жүр. Алайда, қоғам белсендісі Қуат Ерғалиев жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасына бөлінетін қаражатты ұлғайту қажет деп есептейді. Футбол маманының айтуынша, әлі де кезегін күтіп жүрген балалар бар.
Қуат Ерғалиев, қоғам белсендісі:
- 23-ші жылы 91 млрд теңге бөлінді Қазақстан бойынша. Бірақ, мен ойлаймын полностью, 100 пайыз алу үшін 250 млрд па, солай керек. Қазір біз мысалы астанада 52 мың бала барып жатыр. Кезекте спорт бойынша 14 мың, ал мәдениет жағына 12 мың бала.
Сонымен қатар, қоғам белсендісі бағдарлама қалалық жермен шектелмеуі керек дейді. Ауылдың балалары да бұл жобаның шарапатын көруі тиіс.
Қуат Ерғалиев, қоғам белсендісі:
- Енді екі мәселе бар қазір енді айтқанда. Бірінші мәселе – қаржылық, қаржы бөлу. Келесі мәселе – ауылдарға бару. Өйткені, мен қазір Қазақстан бойынша көріп отырмын, ауылдар әлі дамытылып жатқан жоқ. Мынау 50-60 шақырым шықсақ, мысалы Қорғалжын ауданында бір секция, ештеңе жоқ. Оңтүстікте 7-8 аудан бар, солтүстік облысында, ол жерде бір секция жоқ. Ауылдарда әлі осы бағдарлама кірмеген.
Әрине, жауапты министрлік те қарап отырған жоқ. 2021 жылдан бері қалада тұратын мыңдаған бала бос уақытын тиімді өткізу мүмкіндігіне ие болды. Ал келесі жылдан бастап ауылдағы қарадомалақтар тегін секцияға қатыспақ.
Мейрамғазы Сапарғалиев, ҚР ТСМ спорт және денешынықтыру істері комитетінің ресми өкілі:
- Қазіргі кезде жаңағы бұйрыққа өзгертулер енгізіліп жатыр. Бұл – қалалық және ауылдық жерлердегі жан басына шаққандағы қаржыландыру деп екі топқа бөлу. Біз енді пилоттық жоба болып басында басталды ғой. Қалалық жерлерде, оның үстіне үлкен мегаполистерде негізге алынды ең басында. Сөйтіп, Қазақстанның қазір барлық аймақтары қамтылып келе жатыр. Осылайша, біз енді бүкіл ауыл-аймақтың өзін қамтамасыз етсек деген алдыға мақсат қойып отырмыз.
Жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасы – мемлекеттік тапсырыс. Астана қаласында екі жыл бойы «Артспорт» платформасы қызмет көрсетіп келді. Биылғы жылдың басынан бастап бұл міндет тапсырысты жеңіп алған «Даму бала» платформасына жүктелді. Алайда, ақша жүрген жерде жұмыртқадан жүн қырыққан пысықтар да жүретіні белгілі. Мәселен, келмеген баланы келді деп көрсетіп, мемлекеттің ақшасын талан-таражға салғандар да болды.
Азамат Ағзамов, Астана қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы:
- Бұрындары тек қана логин-парольмен болған соң сондай фактілер болды. Келмеген балаға қол қойылып, қаражат алған. Құзыретті органдармен тексеріс жүргізіліп, өздерінің шешімдері жеткізілді. Енді, қазіргі күні тек қана ЭЦП-мен.
Яғни, ата-ана электронды табель толтырады. Қаржы да сол табельге сәйкес төленеді. Қазір астанада 30 спорт түрінен 945 секция жұмыс істейді. Ескеретін бір мәселе – бір бала бір ғана секцияға немесе үйірмеге тегін қатыса алады. Осылайша, министрлік келесі жылы да ел көлемінде жарты миллионнан астам баланы қамтуды көздеп отыр.
Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Диас Қобыланбаев