Шымкентте көлік салығы бойынша берешек ₸1,2 млрд-тан асты
Шымкентте 23 мыңнан астам азамат автокөлік салығын төлеуден жалтарып жүр.
Салдарынан қала қазынасына 1 миллиард 200 миллион теңгеден аса сома түспей қалды. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері мәлімдеді.
Қордаланған қарызды өндіру мақсатында полиция өкілдерімен бірлескен рейдтік тексерістер басталды. Нәтижесінде 176 миллион теңгеге жуық берешегі бар автокөлік иесі анықталып, темір тұлпары айып тұрағына қойылды. Мамандар салықтан жалтарғандардың дені қымбат автокөлік мінген жүргізушілер екенін айтады. Ескертуді елемегендердің ісі жеке сот орындаушыларына жіберілді.
Жалпы Салық департаментінде 300 мыңнан аса автокөлік тіркелген.
Аббасхан Сейдахметов, Мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы:
- Салық төлеушілер жолданған хабарламаларды 30 жұмыс күні ішінде орындамаған жағдайда салық бұйрығы қалыптастырылады. Әрі қарай жеке сот орындаушыларға мәжбүрлеп өндіруге жолданады. Шоттарды бұғаттайды, меншігінде тіркелген көліктер, жылжымайтын мүліктеріне шектеу қойылады.