Шығыста қар көшкініне қарсы шаралар басталады

Шығыс Қазақстан облысының таулы жерлеріндегі жолдарда қар көшкініне қарсы шаралар қолға алынады.

Аймақта боранды күндері күре жолдардың жабылып қалмауы үшін арнайы жоба әзірленуде.

Бүгінде өңірде қар басып қалуы ықтимал 200-ден астам шақырымдық тас жол бар. Олардың басым бөлігі туристік бағыттар. Демалыс орыдарына апаратын жолдардың қауіпсіздігі қалай қамтылмақ?

Былтыр ауа райының қолайсыздығынан автомобиль жолдары 174 рет жабылды. Боран кезінде жолдарды бірнеше метр болатын омбы қар басты. Соның салдарынан негізгі логистикалық бағыттардағы көлік қозғалысы 344 сағатқа тоқтап қалған. 

Мәселен, «Өскемен-Самар» жолында 35 рет қар көшкіні жүрді. Ауылдарға дәрі-дәрмек, азық-түлік тасымалдау қиындады. Осы жағдай қайталанбас үшін дәл осы аумақта қар тоқтататын торлар мен арнайы жабдықтар орнатылмақ. 

Ерлан Уәлиев, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

- Автомобиль жолдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін «Өскемен-Тарғын-Самар» автомобиль жолының 132, 134, 135-шақырымында қар ұстайтын тосқауылдар орнату бойынша жоба қазір әзірленіп жатыр. Негізгі мақсат жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек, себебі бізде қар көшкіні кездерінде жол жабылады. 

Физика-математика ғылымдарының кандидаты Наталья Денисова қар көшкінін болжау бойынша зерттеу жүргізіп жүр. Ғалымның айтуынша, жоба шеңберінде таулы жерлерде жауын-шашын көлемін, температуралық көрсеткіштер мен топырақтың құрамын анықтайтын құрылғылар орнатылады. Осы арқылы қар көшкінін алдын ала болжауға мүмкіндік тумақ. 

Наталья Денисова, физика-математика ғылымдарының кандидаты:

- Бұл жүйе  тау шатқалдарында қар массаларының жүруін есептей алады. Кейін метеорологиялық мәліметтер, яғни, қардың түсуі туралы ақпарат жинақталып, мұқият сараптама жасалады. Осылайша, біз қар көшкіні қауіпті жерлері анықтап, тиісті шараларды қолға аламыз. 

Шығыс Қазақстан облысының таулы аумағында қар көшкіні қаупі бар 300 орын анықталыпты. Олар 50-ге жуық тұрғын үй мен туристік нысандарға қауіп төндіріп отыр. Ал ілкімді жобаны қолдау мақсатында Оқу-ағарту министрлігі  600 млн. теңге бөлді. Сонымен қатар қардан қорғайтын бөгеттер құрылысына да қосымша қаржы бөлінбек. 

Ақмарал Есімханова, Вячеслав Ветлугин және Дмитрий Пыхтин