Ақмола облысында жылыту маусымы басталғалы жүзден астам өрт дерегі тіркелді
Оқыс жағдайлар түгел жер үйлерде болған.
Мамандардың айтуынша, өртке көбіне үйдегі пештерден шығатын ақау мен электр сымдарының тұйықталуы себеп болып отыр. Тұрғындар қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамайды. Бір ғана Бурабай ауданының өзінде қыс басталғалы 50-ден астам үй өртенді.
Щучинск қаласының тұрғыны Әсел Төлебаева қақаған қыста баспанасыз қалды. Бірнеше апта бұрын үйіндегі пештен өрт шығып, барлығы жанып кеткен. Абырой болғанда, тілсіз жаудан зардап шеккендер жоқ.
Әсел Төлебаева, Щучинск қаласының тұрғыны:
- Маған көршім хабарласып, үйден өрт шыққанын айтты. Өрт сөндірушілерді де солар шақыртыпты. Біз келген кезде қызыл жалын толық сөндірілген. Екі өрт сөндіру көлігі келіп, газ баллонды сыртқа шығарып үлгерген екен.
Осындай оқыс жағдайдан кейін ғана үй иесі өрт қауіпсіздігіне салғырт қарағанын мойындап отыр. Енді ол сақтық шараларының қаншалықты маңызды екенін терең түсінеді.
Әсел Төлебаева, Щучинск қаласының тұрғыны:
- Осындай жағдайға тап болғаннан кейін ақ бәрін түсініп жатырмыз. Әсіресе, үйдегі пешке мұқият болу керек. Себебі кез-келген адам менің орнымда болуы мүмкін. Иә, бір қуантарлығы ешкім зардап шеккен жоқ. Бірақ үйдегі жабдықтар жарамсыз болып қалды.
Қазір өңірде халыққа қауіпсіздік ережелерін түсіндіру жұмыстары күшейтілді. Тек Бурабай ауданы бойынша ғана сала мамандары 90 мың адамды қамтыған. Ал әлеуметтік осал топтағы отбасылардың үйіне 300-ден астам көмірқышқыл газын анықтайтын құрылғы орнатылды. Сондай-ақ, мұржаларды тазалау бойынша көмек көрсетіледі.
Қанат Бабаев, Бурабай ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы:
- Қазір күніне кем дегенде екі рет өрт дерегі тіркеліп жатыр. Кейде үш-төрт рет шығамыз. Көп тұрғындар біздің әлеуметтік желілер мен теледидардағы ескертулерді елемейді. Қауіпсіздік шараларын сақтамайды. Оның салдары осындай қайғылы жағдайға әкеледі.
Алайда, құзырлы орган өкілдері, өрт қаупін тудырғаны үшін тұрғындарға ешқандай айыппұл сала алмайды. Сондықтан да болар үй иелері көбіне олардың сөзіне құлақ аса бермейді. Дегенмен, соңғы үш айда өрт сөндірушілер 10 мыңнан астам баспананы тексерді.
Авторлары: Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко