БҚО-да директор өз баласын жұмысқа заңсыз қабылдаған
Батыс Қазақстан облысында «Тәрбие жұмысы орталығының» директоры «Жас ұлан» балалар лагеріне өз ұлын жұмысқа заңсыз қабылдаған, деп хабарлайды 24KZ.
Заңбұзушылықты Бәйтерек ауданының прокуратурасы тексеру барысында анықтады. Белгілі болғандай, жұмысқа қабылданған қызметкердің тиісті білімі мен біліктілігі жоқ болып шықты. Оның үстіне мөлшерден артық жалақы алған. Бүгінде ақшаның бәрі мемлекетке қайтарылды. Ал қызметін асыра пайдаланған директор ескерту түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Бұдан бөлек, «Достық» балалар лагерінің ғимараты апатты жағдайда екені анықталды. Санитарлық-эпидемиологиялық, өрт қауіпсіздігі талаптары да сақталмаған. 13 лагерь жұмысшысында тиісті медициналық рұқсаты болмай шықты.