Өскеменде металлургтер әулеті тұрады
Өскемендегі металлургиялық зауытта жалпы еңбек өтілі 100 жылдан асатын әулет жұмыс істеп келеді.
Ағайынды Кекиевтерді бүгінде бүкіл кәсіпорын жұмысшылары үлгі-өнеге тұтады. Отбасының үлкені 40 жылын металлургияны дамытуға арнаса, қалғандары 30 жылдай алдыңғы буынның ізін басып, өндіріс ошағында талмай еңбек етіп жүр. Металургтер әулетінде біздің тілшілерімізде болып қайтты.
Назаргүл Абайделдинова металлургиялық кешендегі ең маңызды зертханада жұмыс істейді. Атмосфера құрамын зерттеп, мониторинг жүргізеді. Бұл – алдымен жұмысшылардың қауіпсіздігі үшін жасалатын шаруа. Назаргүл 16 жылдан бері осы міндетін мінсіз атқарып келеді. Айтуынша, алдыңғы буын ағалары мен өмірлік серігінің еңбекке деген адалдығы оған үлкен құлшыныс сыйлаған.
Назаргүл Абайделдинова, зертхана қызметкері:
- Жанұямыз, бүкіл әулетіміз осында істегелі бәрін қосып санағанда 100 жыл болады екен. 2 ағам, жолдасым, бағана санап отырсақ, 100 жыл болады екен бәріміздікін бірге санағанда.
Жүздеген адам еңбек ететін мекемеде жақыныңмен күнде жүздесіп қалу да сирек. Дегенмен аракідік жолыға қалса, Кекиевтер үшін ортақ әңгіме – зауыт жайы. Назаргүлдің ағасы Ерлан Кекиев пен жолдасы Қадырбек бір цехта жұмыс істейді.
Ерлан Кекиев, балқытушы:
- Қызықты, бір-бірімізбен әңгімелесіп, ұялы телефонмен сөйлесіп, хал-жағдайымызды біліп, жұмыс жөнін айтып бірге, кездесіп тұрамыз. Жұмыс қызықты, тұрақты жұмыс, еңбекақы уақытында береді, әлеуеті бар, жалпы ұнайды жұмыс.
Қадырбек Абайделдинов, цех басшысы:
- Енді әйеліммен бірге екеуміз бірге келеміз жұмысқа, сағат 5:30-да тұрып, бірге шығамыз, сағат 7-де жұмыс орнында боламыз, ол кісінікі кешірек басталады, бірақ бәрібір менімен бірге келеді жұмысқа. Бір жерге барсаң, туыстарымыз айтады: «е, міне, жиналды, өз жұмыстарын айтады». Сондай боп жатады.
Еңбекқор әулеттің беделі биік. Өз жұмысына жауапты, әріптестеріне қамқор азаматтар ел ішінде үлкен құрметке ие.
Роман Кошенев, аға шебер:
- Ол әулет – өте керемет адамдар. Жұмысын атқарып жатыр, ешқашан кешікпейді. Бұл әулеттен үлгі алуға болады, иә. Өзім де солардан үлгі алып жүрмін, иә.
«Алтын, күміс, мыс, мырыш, қорғасын өндіретін кешенде жұмыс істеп, кен байлығын игеруге үлес қосу – үлкен мақтаныш», - дейді жұмысшылар. Сондықтан да металлургтер әулеті кәсіби сабақтастық әлі де жалғасын табатынына нық сенімді.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов.