Дәрігерлер 76 жастағы пациентке электродсыз кардиостимулятор салды
Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының дәрігерлері алғаш рет 76 жастағы пациентке электродсыз кардиостимулятор салды.
Бұл құрылғы жүректің ырғағын бақылап, соғуын жақсартады. Әрі құрылғы шағын болғандықтан жүрекке салмақ салмайды екен. Алғашқы ота Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының маманы Әділ Байымбетовтың басшылығымен өтті.
76 жастағы науқасқа 2016 жылы қарапайым кардиостимулятор қойылған екен. Уақыт өте келе пациенттің ағзасы ескі құрылғыны жатсына бастайды. Сондықтан технологияның жаңа буыны - электродсыз кардиостимуляторға алмастырылды. 40 минутқа созылған операция сәтті аяқталды. Micro кардиостимулятордың электроды мен батареясы ішінде болады.
Бағдат Ахыт, «Кардиология және ішкі аурулар» ҒЗИ бөлім меңгерушісі:
- Ол бұғана асты, тері арқылы қойылмайды. Үлкен тамыр арқылы жүректің ішінде оң жақ қарыншасында орналасады. Жәй кардиостимулятордың батареясы терінің астына, бұғананың астына тігіледі. Оған электрод қосылады. Ол электрод үлкен күре тамыр арқылы өтеді. Сөйтіп барып жүректің ішіне бекітіледі.
Кардиология және ішкі аурулар ғылыми зерттеу институтының аритмолог дәрігерлері жылына орта есеппен 200 науқастың жүрегіне ота жасап, кардиостимуляторлар орнатады екен. Олардың жартысы алыс аймақтан келеді. Мысалы, үш ай бұрын тағы бір жаңа технологияны жүзеге асырыпты. Нақтырақ айтсақ, науқастың жағдайын қашықтан бақылайтын кардиостимулятор қойылыпты.
Марат Пашимов, «Кардиология және ішкі аурулар» ҒЗИ басқарма төрағасы:
- Республикалық орталық болғаннан кейін бізге шалғай аймақтардан науқастар келеді. Сол кардиостимулятор біздің дәрігерлер әрі қарай қадағалау үшін спутник арқылы ұялы телефондарға жаңа программа енгізген. Спутник арқылы біздің дәрігерлер әрі қарай науқастарды қадағалап отырады.
Бүгін операция жасалған зейнеткер келесі күні қалыпты өмірге көшеді. Электродсыз кардиостимулятордың тағы бір артықшылығы – ұзақ уақыт жұмыс істейді. Оның батареясы 10-15 жылға жетеді. Осылайша пацииенттердің денсаулығын түзеп, өмір сүру сапасын жақсартуға болады.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Әбен Нарымбаев