Қаңтар оқиғасы кезінде Таразда мемлекетке алты млрд теңге шығын келген
Былтыр Қаңтар оқиғасы кезінде бір ғана Тараз қаласында қираған ғимараттар мен тоналған,
өртенген нысандарды есептегенде мемлекетке 6 млрд теңге материалдық шығын келгені нақтыланды.
Оқиға кезінде митингке шыққандар 7 әкімшілік нысанға басып кіріп, облыс әкімдігі мен «Аманат» партиясы өңірлік филиалының ғимаратын өртеп жіберді. Ал Полиция департаментінен 800-ден аса қару ұрланды. Қазір солардың басым бөлігі табылып, қираған ғимараттар қалпына келтірілді. Зардап шеккен кәсіпкерлердің нысандары қалпына келді ме? Олардың бүгінгі жай-күйі қандай?
Мына кадрлерде ереуілге шыққан топтың облыс әкімдігіне шабуылдап, баса-көктеп кіріп жатқанын байқауға болады.
Сол тұста Бауыржан Үдергенов мамандандырылған күзет қызметі басқармасын басқарған болатын. Айтуынша, митингке шыққандар 4 қаңтар күні әкімдік ғимаратына шабуылдаған.
Бауыржан Үдергенов, облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары:
- Митинг басталғанда біз облыс әкімдігінде 100 қызметкер болдық. Алғашында оларға тойтарыс бергенімізбен, кейінірек шабуылдар молотов коктейлдерін жағып ғимаратты өртеу бастады. Амалсыз ғимараттың артқы егісінен сыртқа шықтық. Ал ол жақта 500-ге тарта бүлікшілер жабылып, бізді ұрып соқты. Барлығымыз дене жарақатын алдық.
Бүлікшілер әкімдіктен қолға ілінгеннің бәрін тонап, артынша ғимаратты өртеп жіберді. Сол тұста Махметғали Сарыбеков облыстық мәслихаттың хатшысы болатын. Ол жиналғандармен тілдесу үшін халық алдына шықты. Бірақ бейбіт тарауға шақырған үндеулер тыңдаусыз қалды.
Махметғали Сарыбеков, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:
- Материалдық шығындарға есеп жасаған кезде 6 миллиард теңге деп нақтыланды. Енді ол қаражат біздің ұлттық ҚР Үкіметінің резервінен бөлінді. Қазір барлық ғимараттар өзінің қалпына келтірілді. Бірақ енді өкінішке орай, сол қаражатты басқа мақсатта пайдалануға болатын еді. Мектеп соғуға балабақша соғуға аурухана соғуға. Болмаса енді мынау кезекте тұрған біздің тұрғындарымызға үй беруге дегендей мәселеге. Бірақ өкінішке қарай осы қаңтар оқиғасының нәтижесімен ол қаражат басқа мақсатқа пайдаланылды.
«Қаралы қаңтарда» өңірде 15 адам бақилық болды. Оның екеуі күштік құрылым қызметкері. Материалдық шығынды өтеуге болады, бірақ қазаның орнын толтыру мүмкін емес екені де ақиқат. Дана халқымыз «Мал ашуы – жан ашуы» дегенді де осындай жағдайда айтса керек. Оқиға кезінде қаншама жекеменшік нысандар қирап кетті. Жаппай тәртіпсіздіктен облыстағы 30 бизнес нысаны қирады. Солардың қатарында Қалдыбек Жаманғараевтың да дүкені мен асханасы бар. Қылмыскерлер тәтті сататын дүкенді қиратып, тамақтанатын орынның барлық терезесін сындырған.
Қалдыбек Жаманғараев, кәсіпкер:
- Жастар жүгіріп, қашып бара жатып біздің дүкенімізіге де тас лақтырып, шоқпармен терезелерді сындырып, есікті бұзып, магазиннің бәрі быт-шыт, Мынау «Атамекен» деген мекеме қаражат бөліп, солар арқылы сол қаражатқа барлығын жөндеп, тфәй-тфәй, Құдайға шүкір, жұмыс істеп жатырмыз.
«Қаңтар қырғынында» облыстағы бизнес нысандарының шығынын өтеу үшін мемлекеттік бюджеттен 100 млн теңгеге жуық қаржы бөлінді. Ал қаза болған құқық қорғау қызметкерлерінің есімі ескерткіш тақтаға жазылып, отбасына қаржылай қолдай көрсетілді.
Мерей Бает, Елдар Байділдә