Қазақ тазысына шетелдіктер қызығып жүр
Тазының қадірін өзіміз білмесек, басқа кім білсін?! Бірақ шетелдік итбегілердің көзі түскен екен.
Қолқалап, сұрау салып жүргендері көп. Қолда барда алтынның қадірі жоқ деген осы-ау?! Ел ішінде ата дәстүрге берік азаматтарымыз болмаса, осы тазыдан шынында айырлып қалуымыз да мүмкін?!
Аң аулап, құс салып, саятшылық құрған қазақ халқы аңшылыққа бейім иттерді тазы деп атаған. Оларды түр сипатына қарай жарғақ құлақ және шашақ құлақ деп екіге бөлген. Бүгінде 10-нан астам жарғаққұлақтыларды көбейтіп, астына тонын төсеп, төріне шығарып жүрген тазы жаңашырларының бірі – Мұрат Мансұров.
Мұрат Мансұров, итбегі:
- Мынау арланым – «Лашын» деген, осыдан бастадым. Қазір төрт қар басқан. Түркияда 3 рет кинолог көрмелерінде 1-орын алған. Аңшылыққа шығатын иттердің арасында. Түркияның ең әдемі 10 итінің қатарына кіреді.
Кейінде тазы саны өсіп келеді. Негізгі ошағы жері жазық, аң-құсқа бай Арқа даласы. Тіпті әр үйінде кемі бір тазы ұстайын ауыл да бар. Сонымен қатар биылғы жылы жылдамдыққа арналған шырға тарту жарыстары, сәндікке арналған көрмелерде көп ұйымдастырылды. Мұрат Мансұровтың тазылары Түркияға барып та өзінің таза әрі әдемілігімен көпшілікті таңғалдырған.
Аңсар Тәліпбаев, итбегі:
- Жоқ дегенде, тазы жанашырлары арасында олардың үйінде 5-10 тазыдан бар. Өзіміз тамақ жемесек те осыларды асырап, қарқынды дамуына үлес қосып жүрміз.
Итбегінің айтуынша 4-5 жылда қазақ тазысы әлемдік деңгейде жер жаһанға танылады. Қазірдің өзінде АҚШ, Канада сияқты алпауыт елдің өкілдерінен сұраныс көп.
Мұрат Мансұров, итбегі:
- Біздің тазыларды барлық жерде бағалап жатыр қазір. Бізде өзіміз шетелге шығып тұрамыз. Былтыр Америкада аңшылармен отырып видео, фотоларды көрсетіп, біз мылтықсыз елік аламыз деп олар соған таңғалып, қазір 2-3 итті сол жаққа дайындап жатырмыз.
Асыл ер асырайды жүйрік тазы, оны да асырап жүр жұрттың азы... Ат мініп, құс ұшырып, тазы жүгіртетін сері жігіттеріміз көп болсын.
Әлішер Әли, Мадияр Қындыбаев, «24.KZ»