Жылына 20 мың адам шетелге көшіп кетеді
Елден шетелге кететіндердің көбі білікті маман. Өйткені іскер адам ол жаққа да қажет.
Олардың біразы ғылым іздесе, енді бірі әлеуметтік жағдайын жақсартуға ниетті.
Ғылым қуғандар түбі жиған білімді, тәжірибемізді елге әкелеміз дейді. Ол да жөн. Ал сарапшылар мұндай көштің қай елде де болатынын айтады. Әңгіменің төркіні, одан ешқандай астар іздеудің қажеті жоқ дегенге саяды.
Мұхит Құлмағанбетов еліміздегі медициналық оқу орындарында көз дәрігері мамандығын меңгеріп шықты. Кейін Ұлыбританияда кәсіби білімін жалғастырған. Қазір Гонконгта еңбек етіп жүр. Айтуынша, шетелде ғылыми ізденіс үшін барлық жағдай жасалған. 32 жастағы отандасымыз өз әріптестерімен бірге көз ауруларын ерте анықтайтын құрылғы жобасын әзірледі.
Мұхит Құлмағанбетов, көз дәрігері:
- Мысалы, ол жерлерде зерттеулердің барлығы университеттер мен ғылыми технологиялық парктерде жасалып жатады. Сондықтан ондай жерлерде зертханалар көп. Мүмкіндіктер көп. Айлық жағынан да өте жақсы. Ғалымдарды өте қатты сыйлайды. Біз қазір кванттық технология құрастырып жатырмыз. Ол құрылғы кәдімгі МРТ, КТ деген сияқты құрылғы болады. Соны елге алып келгім келіп жүр.
Кез келген елдің дамуы адами капиталының әлеуетімен тікелей байланысты. Соның ішінде саннан гөрі сапаға басымдық берілгені жөн, дейді мамандар. Халықаралық білім жүйесі десек, алдымен «Болашақ» бағдарламасы еске түседі. 30 жыл ішінде бұл бастама арқылы 12 мыңнан астам адам шетелде оқыған. Оның 10 мыңға жуығы отандық еңбек нарығында тиісті мерзімде қызмет атқарған. Қалғаны шарттарды әлі орындап жатыр.
Арман Ашкин, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
- Негізі бұл құбылыс әлемнің барлық елдерінде бар. Әсіресе, дамып жатқан елдерде жиі кездеседі және Қазақстанда да жоқ емес. Ал енді «Болашақ» бағдарламасына келсек, бағдарламаның түлектері сол жаққа барып, шетелдерде қалып, ондай мақсат қоймайды. Неге? Өйткені қазіргі таңда бүкіл заңнамалық нормативтік-құқықтық база олардың оралып келуіне негізделген. Оқуды аяқтау, Қазақстанға оралу және Қазақстан аумағында 5 жыл жұмыс істеулері керек.
Алайда келісімшарт талабын орындап болғандар мен жеке қаржы арқылы шетелде білім алған өзге кадрлардың біразы елден кетіп жатыр. Тәжірибе көрсеткендей, олар әлеуметтік, ғылыми және цифрлық әлеуеті жоғары орта іздейді. Ең бастысы, инновациялық бастамаларға қолдау күтеді екен. Сарапшылар білікті мамандарды өз еліміздің дамуына жұмылдыру үшін әрқайсына жан-жақты қолдау көрсету қажет екенін айтады.
Ғайни Есембекова, Назарбаев университеті мансап және бағдарлау орталығының директоры
- Жұмыс берушілер тек қана дайын продукцияны алмай, солардың дамуына үлкен үлесін қосуы керек. Біздің партнерлер бірінші курстан бастап студенттердің дамуына күнделікті болмаса да, апта сайын келіп, қандай талап болады қазіргі нарықта, индустрияда қандай, білімнен басқа қандай жақтарын дамыту керек, соның бәрін біз айтпаймыз, жұмыс беруші айтады.
Жыл сайын елімізден кемінде 20 мыңнан астам адам көшіп кетсе, соның 70-80 пайызы еңбекке қабілетті жаста. Ал олардың қатарында жоғары білімділер жетерлік. Шетелде қызмет етіп жатқан отандық кадрлар сан саланың өкілдері. Демек елімізде ең алдымен әрбір салада еңбек ұжымын қолдау және цифрлық-технологиялық әлеуетті арттыру маңызды, дейді сарапшылар.