Балалар үйінен мамандық игеріп шығады

Шымкентте балалар үйінің тәрбиеленушілері арнайы курстан өтіп, түрлі мамандықты меңгеріп жатыр.

Оқыту орталығына білікті мамандар тартылып, заманауи жабдықтармен қамтылды. Игі іске «Іскер әйелдер» қауымдастығының жастар қанаты ұйытқы болды.

Кәсіптік мамандықты меңгергісі келетін жастарға тұтынушымен тіл табысу маңызды. Алдымен соны меңгереді. Теория мен практикалық сабақ қатар ұйымдастырылады. Балаларды қолдау орталығының 14 жастағы әрбиеленушісі Ислам Сүлейменов оқу курсына қуана жазылды. Болашақта өрт сөндіруші болғысы келеді.

Ислам Сүлейменов, орталық тәрбиеленушісі:

- Мен шаштараз апайға қарап, қалай алып жатқанын көріп қызықтым. Өскен кезде керек болып қалады деп ойлаймын. Себебі әрбір ер азамат әр іске бейім болуы керек. Шаш алуды үйреніп алсам, бауырларым мен інілерімнің шашын алып беремін.

№1 Өмірлік қиын жағдайда қалған балаларды қолдау орталығында Исламнан бөлек тағы 69 бала бар. Оларға мектеп бағдарламасынан бөлек рухани, мәдени, спорттық үйірмелерге қатысуға жағдай жасалған. Ал 18 жасқа толғанда жоғары оқу орындарына тегін қабылданады. Жалпы қосымша кәсіптік курсты оқыған бала болашағына сенімді болады дейді тәрбиешілер.

Әлия Бектемісова, №1 өмірлік қиын жағдайда қалған балаларды қолдау орталығының директоры:

- Мақсатымыз не?! Ең бірінші балаларды еңбекке баулу және балалар үйінде тәрбиеленіп жүріп өздері бір мамандық иесі болып шығу. Бұл салаға балалардың қызығушылығы өте жоғары. Мысалы маникюр жасауға біздің 15-20 шақты қызымыз жазылып отыр.

Кәсіптік кабинет соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен толық жарақтандырылды. Сондай-ақ төрт кәсіби маман жұмысқа тартылып, аптасына 3 рет тегін сабақ ұйымдастырылды. Ал оқу курсынан толық өткен оқушының білімін куәландыратын сертификат беріледі.

Карима Қосмұратова, қалалық "Іскер әйелдер" қауымдастығының көшбасшысы:

- Біз ашқан үйірмелердің артықшылығы біз балаларға сертификат береміз. Ертең балалар кез-келген жұмыс орнына сертификатпен қабылдана алады. Алдағы мақсаттарымыздың бірі тігін шеберханасын ашу. Ол бойынша да сертификат береміз.

Жалпы Шымкент қаласында дәл осындай 3 мекемеде жүзден аса бала тәрбиеленіп жатыр. Игі іске ұйытқы болған белсенділер алдағы уақытта кәсіптік курстардың аясын кеңейтіп, өзге де орталықтарды жабдықтауды көздеп отыр.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, «24.KZ», Шымкент.