А. Балаева: Волонтер жас көбейді

Президент алдымызға қоғамдық этиканы қалыптастыру арқылы «Әділетті Қазақстан» құру міндетін қойып отыр.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева азаматтық қоғамды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы бойынша шаралар қабылданып жатқанын айтты. Мәселен, дамудың институционалдық негіздері мен өзара іс-қимылдың диалогтық форматын құру жұмыстары бар. Тағы үкіметтік емес сектор мен волонтерлер қоғамдастығын жетілдіру мақсаты тұр.

Бүгінде қоғамдық кеңестердің қызметі жаңғыртылып жатыр. Құрамындағы азаматтық секторға өкілдіктің 86% тиесілі. Ондағы жастардың үлесі 10%-ке дейін өсті. 2020 жылдан бастап республикалық және өңірлік фронт-офистер жұмыс істейтіні белгілі. Жүйелі жұмыс нәтижесінде волонтерлік ұйымдардың саны 3 есеге, ал белсенді волонтер жастардың саны 5 есе артты.

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

- Мәдениет пен идеология саласында үлкен бастамалар қолға алынып, «Әділетті Қазақстан» концепциясын іс жүзінде тұғыры айқындала бастады. Әрине, бұл – ең алдымен Президенттің нақты әрі тиімді шешімдерінің арқасында мүмкін болған нәтиже. Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Кемелұлының жыл басынан әр түрлі халықаралық және республикалық шаралардан бөлек, қоғам мәселелері ерекше қордаланған Ұлттық құрылтай мен дәстүрлі Жолдауында көтерген бастамалары саламызға тың серпіліс берді.

 

«Масс-медиа туралы» заң жобасы жетілдіріледі

Биыл наурыз айында Мемлекет басшысының Жарлығымен сөз бостандығын нығайту мақсатында «Ақпараттық доктрина» бекітілді. Құжат отандық медиа-саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. «Масс-медиа туралы» заң жобасы жоғарыда аталған доктринаға негізделген. Парламент Мәжілісіндегі талқылау барысында 114 түзету енгізіліп, 64-і қабылданды. Қазір 10-ы пысықталып жатыр.

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

- 30 қарашада Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысы өтті. Онда заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Қазіргі уақытта жұмыс тобының отырыстары аясында талқылау жұмыстары жалғасып жатыр. Атап айтқанда, журналистер мен Мәжіліс депутаттарының пікірін ескере отырып, «баспасөз картасы» ұғымын айқындау тәсілдері қайта қаралатын болады. Барлығы айтып жүрген жұмыс өтілі, жоғарғы білімі болуы керек деген өзгерістер жалпы жұмыс топтарындағы талқылау қорытындылары бойынша алынып тасталды.