Әскери борышын өтеген 3 мың азамат ЖОО-да тегін білім алады
Отан алдында борышын өтегендер енді жоғары оқу орнында тегін білім алады, деп хабарлайды 24KZ.
Әскери қызметін үздік атқарған сарбаздар үшін елімізде 3 мың грант бөлініп отыр. Қорғаныс министрлігі осы мақсатта 70-ке жуық жоғары оқу орнымен меморандумға қол қойған. Сондай-ақ биыл 5 мыңнан аса сарбазға кредиттік демалыс беріліп, олардың банктер алдындағы 1 млрд 800 млн теңге берешегі кейінге шегерілді.
Айта кетерлігі, ел армиясының әлеуетін арттыру мақсатында биыл 30-дан аса халықаралық оқу-жаттығу жиындары өткізілген. Әскери бөлімдер 70-тен астам жаңа техникамен толықты.
Руслан Омаров, ҚР Қорғаныс министрлігі цифрландыру департаменті бастығының орынбасары:
- Мерзімді әскери қызметін өтегендер ҰБТ-ға кірмей-ақ, ЖОО-ға түсу мүмкіндігі берілген және де, айта кетерлігі, Қарулы Күштер оқу орындарында 28 мамандық бойынша оқу дәрістері беріліп жатыр. Цифрлық трансформация нәтижесінде бүкіл әскери қызметке байланысты қызметтер eGov-та әскери қызметке байланысты бөлімінде көрсетіледі.