Қазақы төбет шекара күзетіне кіріседі
Бүгінге дейін қазақ кинологтары еуропалық ит тұқымдарын ғана баулып келді.
Неміс, Шығыс Еуропа, Бельгия овчаркалары шекарамызды күзетуге де атсалысып жүр. Әнеугүні тазының да көп ұзамай шекара күзетуі мүмкін екенін айттық. Енді келер жылдан бастап малды ауылдың айбары болған маңғаз төбет те шекарамызды қорғайды. Қазір шекара қызметінің кинологиясында Таймас және Сақшы атты екі төбет дайындалып жатыр. Әбден дайын болғанда есірткі, жарылғыш заттар мен атыс қаруларын, декларацияланбаған валютаны іздеу үшін шабуыл қызметіне көмекке келеді.
Әлімжан Құлмағанбетов, ҚР ҰҚК шекара қызметі кинология бөлімінің өкілі:
- Осы қазір 7 ай болды қарап жатқанымызға. Осы 7 айдың көлемінде бақылау барысында, тестілеу барысында жалпы төбеттердің қырағылықтары жақсы. Мысалы, біз өзіміздің қоймаларда тексеру жасадық. Қоймаларға қойып, түнгі уақыттарда эксперимент жүргізу барысында бұлар бөтен адамдарды тез сезеді және өздері белгі береді.