Жалған шот-фактура жасағандар сотталды
Алматыда ұйымдасқан қылмыстық топтың бес мүшесі қаражатты «қолма-қол ақша түрінде шығарып берумен» және жалған шот-фактура жазумен айналысқан.
Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді ҚМА Алматы қаласы бойынша департаменті аяқтады.
Анықталғандай, ҰҚТ мүшелері мекемелерге екінші деңгейлі банк шоттарынан жүйелі түрде қаражаттарды заңсыз «қолма-қол ақша түрінде шығарып берген». Бақылауындағы 17 коммерциялық компания арқылы 5 млрд теңгеден астам сомаға коммерциялық ұйымдарға құрылыс-монтаж жұмыстары, көлік қызметтері және халық тұтынатын тауарларды жөнелту бойынша қызмет көрсетуге жалған шот-фактуралар жазып беру арқылы салық төлеуден жалтаруға көмектескен.
Қылмыстық топ ұйымдастырушылары «бір күндік фирмаларды» жақын туыстары мен таныстарының аттарына тіркеген.
Сот үкімімен бес айыпталушы кінәлі деп танылып, 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.