Балаға ат қою. Қазақылықтан алыстап барамыз
Балаңызға қандай ат қойдыңыз? Жас бала аурушаң келсе, атын өзгертіп, қайта қою дәстүрі бар.
Бұл – моңғол, түркі, орыс халықтарына ортақ амал. Осы арқылы балаға келе жатқан ауру-сырқауды, бәле-жаланы аластаймыз деп сенген.
Иә, халқымыз есім қоюға аса мән берген. Адам аты тағдырына әсер етеді деп жақсы есімдерді қоюға тырысқан.
Перзентке ат қою мәртебесі де елге елеулі азаматқа сеніп тапсырылған. Ал, қазір қалай?
Елде Омар, Мұхаммед, Хамзалар көбейді. Биылдыққа азан шақырып қойылған ер балалардың көбінің ныспысы осылай. Есімдердің бастапқы ондығын Ұлттық статистика бюросы ұсынды. Мәліметке қарағанда ел ер балаларына араб есімін беруге құмар. Ал қыздарды Медина, Раяна дедік. Бұлардың да діни мағынасы бар.
Мысалы, биыл 2362 балаға – Омар, 1928 сәбиге – Мұхаммед, 1468 бүлдіршінге – Хамза есімі қойылған.
Ал қыз балалар арасында Медина есімі – 5307, Айша аты – 4390, Раяна есімі – 3019 рет қойылған. Халық қалауының жаппай араб есімдеріне түсуі – қоғамдағы діни қызығушылықтың артуынан – дейді имам.
Нұрлан Байжігітұлы, имам:
- Елдің ішінде тоқыма, лақап нәрселер көп. Соның біріуі кімде-кімнің аты Мұхаммед болса, Алла Тағала о дүниеде азап беруге, сұрақ-жауап алуға ұялады екен деген сияқты сөз бар. Соған байланысты бәрі қызығып, бәрі пайғамбардың атын қойып жүр. Пайғамбардың атын қойсаңыз, құтты болсын! Бірақ ондай сөз жоқ. Адамның амалы, ісіне қарайды.
Имам, "Атты арабша қойғаннан бізге ешқандай пайда жоқ. Керісінше ол арқылы қазақ тілінің құнарын құртып, тұнығын лайлап жатырмыз",- дейді. Сондықтан, балаңызды қазақша атауға кеңес береді.
Тіл жанашыларының да өз айтары бар. Солардың бірі – белгілі журналист Әуесбайдың Қанаты. Ол аты-жөнді атау мен жазуға келгенде бір ізділік танытып, қазақ стиліне көшуіміз керек дейді. Дегенмен, бұл үшін заң осалдық танытыпты. Мысалы, аты-жөнін "Әуесбайдың Қанаты" деп атап жүргенімен, оны заңдастыра алмаған.
Әуесбайдың Қанаты, журналист:
- Мәдинә болып айтылып жүріп, аяқасты Медина болып кетті. Неге? Халық бәрін реттеп алады деп айтуға болады. Бірақ, дегенмен осы мәселенің барлығы да өзіміздің ұлттық бояуымызды, болмысымызды сақтаймыз десек, заңнамалар аясында шешілу керек.
"Ов" пен "евтен" де құтыла алмай келеміз. Ертедегі қазақ Сандыбайдың Ердені, Сейфоланың Сәкені, Әуесбайдың Қанаты деп түсінікті нақты айтар еді. Ал баласын көз тимесін деп Малдыбай, Қорабай, Базарбай деп атай салатын. Атұстарын Мынатаубиік деп атаған әкелеріміз де бар.
Мынатаубиік Әнесов, Орал қаласының тұрғыны:
- Мынатаубиік деп қойған. Енді бір ерекшелігі Мынатаубиіктің ерекшелігі өзім таңқалатыным, өзіміздің қаракөздер ештеңе емес, екі рет сұрайды. Қалай? - дейді. Мына тау биік - деймін. Бірақ, ол кісінің сол кездегі көрегендігі ме басқа ұлттарға барғанда әуелі олар маған «Кешіріңіз» деп бастайды. Неге десеңіз мына есімге қапелімде тілі келмейді.
Бізде осылай. Өзгенікі қалай? 2016 жылы Тәжікстан билігі жат есімдерді қоюға тыйым салды. Олар тілдеріне жатық, мағынасы ұлттық құндылығына сай келетін адам аттарының тізімін жасаған. Қазір тәжікстандықтар тек осы қатардан есім таңдайды. Ал біз ат қоюды ат-ананың еркіне бердік.
Талғат Уәли, ҚР Әділет министрілінің ресми өкілі:
- Балаға есім қою ата-анасының келісімімен және ата-ананың қалауымен жасалады. Ол қазақша бола ма, қазақ әріпте бола ма, әлде орыс тілді әріптермен бола ма, ол тек ата-анасының қалауымен жүзеге асады.
Иә, заң атыңызды қалай атап, төлқұжатыңызды қай тілде толтырсаңыз да шектеу қоймайды. "Көш жүре түзеле ме?" деген үміт бар. Өйткені Молдыр Мөлдірге, Асема Әсемге айналып жатыр. Биыл санасы ояу 12 мыңнан аса азамат өз есімі мен тегіне түзету енгізген. Дені есімін қазақшалап,тегіндегі -ов пен -ев жалғауын алып тастағандар.
Шернияз Жалғасбекұлы, «24.КZ»