Мәселелерін мәслихат арқылы шешіп жүр
Ақтөбеліктер өздерін толғандырған мәселелер бойынша халық қалаулыларына шағым айтуды жиілеткен.
Мәселен, қалалық мәслихаттағы депутаттарға айына 100-ден астам өтініш түсетін көрінеді. Анықталғандай, тұрғындарды ауыз су, жарықтандыру, білім беру мекемелерінің айналасын абаттандыру, жолдарды асфальттауға қатысты мәселелер алаңдатқан. Тіпті, көпқабатты үйлерді жөндеу мен ескірген жылыту жүйесін жаңарту секілді өзекті тақырыптарды да көтеріпті. Осындай шағымдардың нәтижесінде, келер жылы 10 үйдің мәселесіне бюджеттен қаржы қарастырылатын болды.
Марина Жабағина өз үйінің жылуға қатысты мәселесінің шешілгеніне қуанышты. Алты жыл бұрын алған баспанасы бұрын қыс түссе, салқын болатын. Жылуға жарымаған көршілерімен бірге дабыл қағып, жауапты ұйымдарға талай барды. Алайда, осы округтен сайланған мәслихат депутатына шағымданғаннан кейін нақты істер қолға алынған. Нәтижесінде, мәселе үйдің жылу жүйесінде емес, ыстық су жүретін қаладағы ірі құбырдың бірінде екені анықталыпты.
Марина Жабағина, қала тұрғыны:
- Үй іші жылымаған жағдайда пәтер иелері кооперативін мазалайтынбыз. Өйткені, баспанамызда тоңып жүрдік. Ал орталықтандырылған жылу жүйесіндегі құбырды ауыстырғалы жылу мәселесі шешілді. Қуаныштымыз.
Құбыр ауыстырылғалы қала ортасындағы 16 көпқабатты үй мен бірнеше балақша және мектептің жылуға қатысты мәселесі шешілген. Бұл мақсатқа бюджеттен 95 млн теңге бөлініпті. Жылу желісінің әбден тозған бөлігін жаңартқан мердігер жұмысты белгіленген мерзімнен бұрын аяқтаған.
Анар Даржанова, қалалық мәслихат хатшысы:
- Бұл жерде жөндеу жұмыстары болған кезде өзіміз келіп бақылап тұрдық. Сол кезде осы құбырлардың шірігенін әрине көрдік. Күз айларында, қыс айларының басында көптеген үйге тұрғын үй инспекциясымен бірге бардық. Бүгінгі күні мысалыға сантехник дейміз, слесарь дейміз, солар тапшы. Солардың да кесірі болады. Көп жағдайда үйдің жағдайы қараусыз қалып жатады.
Мәслихат депутаттары жылуға қатысты жағдай қала бойынша басты мәселелердің қатарында екенін айтады. Бұдан өзге, тұрғындар халық қалаулыларына жолдар мен аулаларды жөндеу және жарықтандыру мәселелері бойынша жиі шағымданады. Ал келер жылы қалада 10 үйде жөндеу жұмысы жүреді.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев, «24.KZ», Ақтөбе.