Ел жатса да, энергетик жатпайды

Жаңа жыл қарсаңында біреулер мерекелік демалысқа кетсе, енді бірі жыл басын жұмыста отырып қарсы алады.

Демалысты білмейтін саланың бірі – тұрғын-үй коммуналды шаруашылық саласы. Әсіресе энергетиктер қарапайым халықты жылумен және жарықпен қамту үшін күн-түнге қарамай еңбек етеді.

Қарағандының басым бөлігін тұрақты түрде жылумен де, жарықпен де қамтып отырған 3 жылу-энергия орталығы осы. Биіктігі 270 метрлік мұнарасының өзі Қарағандыдағы ең биік нысан.

1300-адам жұмыс істейтін кәсіпорынның негізгі бөліктері автоматтандырылған. Олжас Жапаровтың осында жұмыс істеп жүргеніне 10 жылдан асыпты. Ол өзінің анасының ізімен энергетик болуды армандаған.

Олжас Жапаров, энергетик:

- Қазіргі кезде станцияның қуаты 1824 Гкал жылу бере аламыз. Ол даладағы ауа райына байланысты. Ал, электр қуаты бойынша 670 М-ват бере аламыз. Энергетика саласы өте қиын, қазір оңайы жоққой.Бірақ сонымен қатар өте қызықты, ең керекті сала қазіргі кездегі. Өзім энергетик болғаныма қуаныштымын.

Олжас осы жұмысты өзі қалап таңдаған. Қазір жаңадан келген жас мамандарға үлгілі тәлімгер. Сан мыңдаған құрылғының тілін жатқа біледі. Өз ісіне жауапты маманды әріптестері де бағалайды.

Павел Кузнецов, бас инженердің орынбасары:

- Олжас өз жұмысын 4-санаттағы машинист болып бастаған. Яғни ең төменгі санаттағы жұмысшы болып келді. Өте жауапты. Ең бастысы өз ісін біледі. Турбиналық цех жұмысын қадағалау асқан біліктілікті қажет етеді. Мұнда қателесуге болмайды. 12 жылдың ішінде Олжасқа ескерту жасалған емес. Өз ісін бұлжытпай орындайды.

Қарағандыға тарайтын энергия да, жылу да турбиналық цехтан шығады. Олжасқа қарасты бөлімде 50-ге жуық маман бар. Әр ауысымда 15 адам қарағандылықтарға баратын жылу мен жарықтың дер кезінде, кедергісіз, қалтқысыз жетуін 24 сағат бойы қадағалап отырады.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар, «24.KZ», Қарағанды.