Елде қылмыс азайған

Биыл елде қылмыс деңгейі 12%-ға төмендеді. Ішкі істер министрі Ержан Сәденов осылай дейді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес полицейлер азаматтармен тиімді өзара іс-қимыл жасауға бағытталған қызметтің сервистік үлгісіне көшті. Нәтижесінде мал ұрлығы деректері де азайған. Соның ішінде 614 барымташы ұсталды.

Ел аумағында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін 1,2 миллионнан астам бейнебақылау құрылғысы орнатылған. Олардың көмегімен 500 мың әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.

Ержан Сәденов, ҚР Ішкі істер министрі:

- Қылмыстардың ашылуы да жақсарды. Көшелер мен қоғамдық орындарда қауіпсіздік деңгейі артты. Бір жылда 70-тен астам ұйымдасқан қылмыстық топ және 9 трансұлттық қылмыстық топ жойылды.

Ал төтенше жағдайлар министрлігі үшін жыл оңай болған жоқ. Құтқару бөлімшелері 80 мыңға жуық жедел шақыртуларға жұмылдырылған. 22 мыңнан астам адам құтқарылды.

Сырым Шәріпханов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

- Жыл бойы азаматтық қорғаныс өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша үлкен профилактикалық жұмыс жүргізілді. Атқарылған іс-шаралар адамдардың қаза болуы мен жарақат алуын алдын алуға бағытталды.