Құтқарушы – құрметті мамандық
Өмірде батырлыққа, ерлікке қай кезде де орын бар.
Мәселен, ғұмырының 30 жылдан астам уақытын өртпен қарсы күреске арнаған тараздық құтқарушы Бекмұрат Сұрабалдиев 40-қа жуық жанның өміріне араша болды. Ол Байзақтағы жарылыстың зардабын жоюға қатысқандардың бірі.
Сонымен қоса сүңгуір Айдос Әбілда да ажалға араша түсіп, көптеген адамның өмірін сақтап қалған.
Жұртшылықтың жүрегіне жылу ұялатқан бұл видео Мақтааралдағы су тасқыны кезінде түсірілген. Су ортасында қалған итті Айдос Әбілдә құтқарған еді. Ол кезде жамбылдық құтарушылар апаттың салдарын жою үшін Түркістан облысына көмекке барған болатын.
Ал мына бейне бір апта бұрын Таразда түсірілген. Мұнда Айдос минус 30 градус аязда мұз құрсауында қалып қойған аққуды құтқарды. Осылайша сүңгуір жануарлардың жанашырына айналып отыр.
Айдос Әбілда, жедел құтқару жасағы сүңгуір бөлімшесінің басшысы:
- Сүңгуірдің киімі арқылы мұзға түсіп, мұзды ойып аққуды өзінің тобына қостық. Сол жерде жаңағы тұрғындар өздері видеоға түсіріп желіге таратып жіберіпті. Табиғаттың иесі адам болғандықтан, табиғатта не бар, жан-жануар бар, адам бар соның бәріне, құтқарушы болғаннан кейін тірі жанның бәріне көмектесу біздің борышымыз.
Ал Бекмұрат Сұрабалдиевтің қызыл жалынмен арпалысып жүргеніне биыл 31 жыл болды. Ол бала кезінен өрт сөндіруші болуды армандаған.
Бастапқыда құтқарған адамдарды санап, біліп жүрсем, қазір санынан шатасамын, - дейді ол.
Мәселен өткен айда ғана, жалынның құрсауында қалған ана мен баланы ажалдан арашалап қалды.
Бекмұрат Сұрабалдиев, №1 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі:
- Барған кезде 2 адамның басы шығып, секіреміз деп тұр екен. Дереу құтқармасақ 2 адам өледі. Уақыт ойнаған кезде жылдам киініп, көтеріліп, бірінші шешесін алып шықтым. Ол кезде уже обратный тяга деген болады, от өршіп дәлізде жүрді. Екінші рет баласын алып шыққан кезде арқамды 3-дәрежелі күйікке шалды. Сомен баласын да құтқардым. Қазір екеуі де аман-есен.
Бекмұрат Сұрабалдиевтің 50-ден аса шәкірті бар. Бүгінде олардың 30 проценті офицерлік шен алса, кейбірі басшылық құрамға дейін өскен.
Жансерік Құдайбергенов, азаматтық қорғау аға сержанты:
- Жасының үлкендігіне, зейнет жасына жақындағанына қарамастан бұл кісі топты бастап, бөлімшені бастап, неше түрлі қиындық туындаған өрттерде өзі бірінші кіріп, өртті сөндіреді. Оны көрген жастар бойына батылдық алып, қызметтерін өте жақсы атқарады.
Облыста төтенше жағдай туындай қалса, техникалар мен құтқарушылар сақадай сай. Мәселен мына трэкол атты жол талғамайтын көлік тауда да, суда да кез келген жерде жүре береді. Құтқарушылардың сөзінше, өткен жолғы төтенше жағдай кезінде осы техникалардың арқасында қар құрсауында қалған бірнеше мыңдаған жолаушы құтқарылды.
Өңірде 900-ден астам құтқарушы бар. Олар өзгенің өміріне араша түсу үшін, өз жандарын қатерге тігуге әзір. Мәселен Байзақтағы әскери қойма жарылып, ер басына күн туған шақта 15 құтқарушы жан тапсырған еді.
Мына жігіттер Байзақ жарылысына бірінші барды. Жандарын беріп, өз анттарына адал болды. Нағыз батырлар осы жігіттер.
Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә, «24.KZ», Тараз.