Ақмола облысында шырша күзеті күшейтілді

Ақмола облысында Жаңа жыл мерекесі жақындаған сайын заңсыз шырша сататындар көбейеді, деп хабарлайды 24KZ.

Осыны ескерген жергілікті орман сақшылары қылқан жапырақтыларды қорғау шараларын күшейтті. Қазір өңірдегі орман алқаптары мен кіреберіс жолдарға 28 бақылау бекеті қойылып, 100-ге тарта мобильді топ құрылды.

Көкшетаудағы орталық сауда орындарында шыршаның түр-түрі бар. Оған сұраныс та жоғары. Себебі жергілікті тұрғындар жасанды шыршадан гөрі табиғи шыршаны таңдайды. Ал саудагерлер тірі ағаштарды көршілес Ресейден әкелеміз деп сендірді. Саудаланатын әр шырша жіті тексеруден өткізеледі.

Жоламан Қалиев, агроөнеркәсіптік кешендегі аумақтық инспекция бөлімінің басшысы:

- Егер шырша басқа елдерден немесе Қазақстан Республикасының басқа өңірлерінен әкелінетін жағдайда оның құжаттары болуы керек. Егер тыс жерден әкелінген болса, оның фитосанитариялық сертификаты болуы керек. Ал егер Ақмола облысының аумағында болса, онда карантиндік фитосанитариялық тексерудің актісі болуы керек.

Жалпы соңғы 2 жылда аймақта заңсыз шырша кесу дерегі тіркелген жоқ. Бірақ сақтықта қорлық жоқ. Әсіресе басты басымдық қылқан жапырақ ағашы көп өсетін Бурабай өңіріне беріліп отыр.

Александр Ковалёв, «Бурабай» ұлттық паркінің бөлім басшысы:

- Біз 1 желтоқсаннан бастап қызу жұмысқа кірістік. Қазір ұлттық табиғи парк аумағында 12 мобильді топ құрылды. 8 бақылау бекеті бар. Оның екеуі – жылжымалы бекеттер.

Арман Тұрымбаев, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары:

- Бақылау бекеттері көбінесе қылқан жапырақты ағаштар көп өсетін аумақтарда орналастырылған. Оған қоса облыстық, республикалық маңызы бар жолдарға да қойылып, көліктер тексеріліп жатыр. Мобильді топтардың құрамында орманшылар жасақталған. Олар күнделікті аймақтағы барлық орманды тексеріп, қадағалап отырады.

Заңсыз шырша кескендер жазадан құтылмайды. Әсіресе қысқы уақытта ол жаза тіпті қатаңдай түседі. Яғни, бір шыршаны кескен адамға 51 мың теңге көлемінде айыппұл салынады.

Жалпы бұл жаза шыршаға ғана емес, кез келген ағашты заңсыз кескен тұлғаларға қатысты. Жыл басынан бері осындай 14 дерек тіркелді. Ал келтірілген залал көлемі 1,5 миллион теңгеден асады.

Авторлары: Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко.