Жаңа тарифтік саясат инженерлік желілерді тұрақты жаңартуды көздейді

«Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында елімізде 62 мың шақырым инженерлік желілер жөнделеді.

2023-2029 жылдарға жоспарланған жобаға 3 трлн теңге инвестиция тарту көзделген. Жаңа тарифтік саясат – тұрғын үй коммуналдық шаруашылық саласындағы қордаланған мәселелерді шешуге және тұтынушыларға сапалы қызмет көрсетуге бағытталған.

Жаңа тарифтік саясат іске асырылады

Осыдан 1 жыл бұрын Екібастұз қаласы мұзға оранды. Себеп – жылу жүйесінде болған апат. Салдарынан қазандықтар тоқтап, 44 мың адам суық пәтерде қалды. Қалада төтенше жағдай жарияланды. Жұрт көктем келгенше жаурап шықты. Содан бері не өзгерді? Жаз бойы кеншілер шаһарында жөндеу жұмыстары жүргізілді. 70 шақырымнан аса жаңа құбыр салынып, 8 қазандық жөнделді. Қаржының 50 пайызы монополист компания есебінен төленді. Бірақ жағдай жақсарды деуге ертерек. Әлі де тозып тұрған жылу желілері бар. Жаңғырту жұмыстарын жалғастыру үшін тарифті көтеру керек дейді монополист компания өкілдері.

Анатолий Моисей, «Екібастұз жылу энерго» ЖШС Бас директорының міндетін атқарушы:

- Күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін тарифтік саясатты қайта қарастыру керек. Онсыз қаражат жетпейді. Қазір тарифті көтеруге өтініш бердік. Біздің есебімізше тарифті 140 пайызға көтеру керек. Бізде кадр мәселесі де өткір тұр. Жалақының төмендігінен білікті мамандар бізге келгісі келмейді. 2023 жылы жалақымыз 30 пайызға артты. Бірақ бұның өзі мардымсыз болып отыр.

Еліміздің жылу электр орталықтарында орын алған апаттар энергетика саласындағы шынайы жағдайдың бетін ашты.  Ал мәселеге мән бермей, қол қусырып отырудың соңы ауыр салдарға апаратынын көрсетті. Сарапшылар Қазақстанда су, жылу, электр энергиясының бағасы тым төмен екенін айтуда. Тарифтегі теңсіздік коммуналдық шаруашылықты теңселтіп отырған факторлардың бірі.

Олжас Байдильдинов, ҚР Энергетика министрлігі қоғамдық кеңесінің мүшесі:

- Мен қазіргі тарифпен жаңғырту жұмыстарын жүргізе алмайтымызды бұрыннан айтып келемін. Электр энергиясының бағасы шамамен 2 есе, ал ал жылу энергиясы қазіргіден 3 есе қымбат болуы тиіс. Жылу желілеріндегі ақаулардың барлығы ескірген жүйелердің салдарынан болуда. Қазақстандағы жылу электр орталықтарының орташа жасы – 62 жыл. Қалалар өсіп келеді, жаңа үйлер салынып жатыр. Бірақ жылу барлығына жетпейтін болады. Яғни үйлер жыл өткен сайын салқындай бастайды. Қазақстандықтар осыны түсінулері тиіс. «Тарифты инвестицияға айырбастау» бағдарламасы бұған дейін 2016-2017 жылдары іске асырылды. Бірақ, аяқсыз қалды. Бірақ, бұл проблемадан қашып құтылу мүмкін емес. Сондықтан тарифтен түскен қаражат жаңғырту жұмыстарына мақсатты бағытталуы тиіс.

Энергетика саласындағы дағдарысты шешу үшін Президент сайлауалды бағдарламасында «Тарифті инвестицияға айырбастау»бағдарламасын ұсынды. Тұжырымдама тозған жүйені қалпына келтіріп, монополистерді салаға қаржы құюға міндеттейді.

ЦИТАТА

Тариф саясатын түбегейлі қайта қарау, тариф белгілеудің жаңа әдістемесін енгізу және инвесторлардың қызығушылығын арттыру қажет. Табиғи монополия субъектілерінің бәріне 5-7 жылға дейін көңілге қонымды нарықтық тариф енгізген жөн. Яғни баға тұрақты болса, инвестицияны нақты жоспарлауға мүмкіндік туады. Сонымен қатар монополистердің жауапкершілігін едәуір арттыру қажет. Бұл салаға цифрлық бақылау тәсілдері енгізіледі. Сол арқылы азаматтарымыз тарифтік смета және инвестициялық бағдарламалар туралы ақпарат алады

Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауынан

Тозығы жеткен инженерлік желілер тұрғындарды әбден әуреге салуда. Елде электр желілерінің үштен екісі, жылу коммуникацияларының 57%-ы, су құбыры желілерінің жартысына жуығы ескірген. Жылумен жабдықтау саласындағы кәсіпорындардың да жай-күйі мәз емес, көпшілігі өткен ғасырдың ортасынан бері жұмыс істеп келеді. Бүгінде 27 кәсіпорын бойынша тозу деңгейі 65%-дан асады.

Нұрлан Болатбаев, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары:

- Бізде электр энергиясы саласында ең жоғары тозығы жеткен инфрақұрылымдар. Ол 70 пайыздан асады. Содан кейін мына жылу, су желілері. Енді өңірлерге келетін болсақ, солтүстік, батыс өңірлерде тозығы жеткен. Биылға 267 млрд теңге сома қарастырылған. Осының салдарынан 3,2 пайызға тозуды төмендету көзделген.

Тиімді тарифтік саясаттың нәтижесінде осы салада еңбек етіп жүрген мамандар мен жұмысшылардың жалақысы өседі. Коммуналдық сала қызметкерлерінің, яғни сантехник, электрик, дәнекеушілердің жалақысы 50-ден 100%-ке артады. Бұл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы 200 мыңға жуық жұмысшыны қамтиды.

Мұрат Ергешбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бұл салада төмен жалақы болғандықтан, кәсіби мамандарды жоғалтудамыз. Тарифті кезең-кезеңімен өсіру арқылы еңбекақыны да көтеруге мүмкіндік бар. Қазір сантехник, электрик, дәнекерлеуші сияқты жұмысшылар аз. Осы бағдарлама арқасында жаңа кадрлар пайда болады деген үміт бар.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымындағы ауқымды жұмыстарды ел азаматтары да бақылай алады. Бұл үшін салаға цифрлық бақылау енгізіледі. Өйткені жылдар бойы жамаумен ғана күнелткен ел энергетикасын жаңғырту – күн тәртібіндегі өзекті мәселе.