Мереке күндері 100-ден астам әуе рейсі кешіктірілді
Мереке күндері Астанада ауа райы күрт бұзылып, салдарынан 100-ден астам әуе рейсі кешіктірілді.
Сондай-ақ, 13 облыста көлік қозғалысы қиындап, жол қозғалысына шектеу қойылды. Өңірлерде қабылданған шаралар туралы Үкіметте өткен жұмыс кеңесінде айтылды. Көлік министрі Марат Қарабаев кешіктірілген және тоқтатылған рейстерге билеттер құнын толық қайтарылғанын, ал жолаушылар қонақүйлерге орналастырылғанын баяндады. Қолайсыз ауа райына байланысты өңірлерде жедел штаб жұмыс істеді. Ал мереке күндері жолаушылар санының артуына байланысты, пойыздарда орын саны ұлғайтылып, 12 бағыт бойынша қосымша 296 тіркеме вагон жіберілді. Үкімет басшысы жедел штабтардың жұмысын күшейтуді, сондай-ақ жолаушыларды жылыту бекеттеріне шұғыл эвакуациялау үшін көлік құралдарының қорын қалыптастыруды талап етті.
Әлихан Смайылов, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі:
- Орталық және жергілікті мемлекеттік органдар үйлесімді жұмыс жүргізді. Сондай-ақ қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін жекелеген ведомстволар мен ұйымдардың өзара іс-қимылын күшейту керек. Әкімдіктер қолайсыз ауа райы жағдайына өзара іс-қимыл бойынша барлық қызметтердің жұмысын күшейту керек. Автожолдар мен елдімекендердің көшелерін тәулік бойы тазалауды қамтамасыз ету керек.