Оралда дәмханадағы жарылыстан үш адам қаза тапты

Оралда дәмханада болған жарылыстан 3 адам мерт болды.

Себебі үйінді арасынан тағы 1 адамның денесі табылды. Ал зардап шеккен 6 тұрғынның төртеуінің жағдайы ауыр. Жабық ми жарақатын алып, денесін күйік шалғандар жансақтау бөліміне жатыр. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы айтты. Зардап шеккен екі ер адам Өзбекстан азаматы, қалғаны қала тұрғындары екен.

Ерлан Тоқсанов, БҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы: 

- Бір адамы тексеріліп үйіне жіберілді амбулаториялық емге. Тағы бір адам бет және мойын тұсының күюімен травматологиялық бөлімшеге орналастырылды. Қалған төртеуі жан сақтау бөлімінде. Жағдайлары өте ауыр. Біреуінше екі жақты пневматоракс. Оң жақтың иығының орта жеріне сынуы және төртеуінде жабық ми жарақаты. Төртеуінде де өте қатты күйік шалған.

Еске сала кетсек, Сырым Датұлы 52 мекен-жайындағы «Ризық» кафесінде түнгі 02-лерде жарылыс болды. Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар өртті жарты сағатта сөндірді. Төтенше жағдай қызметінің мамандары қиранды астында тағы да адамдар болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Жарылыс табиғи газ қоспасынан болған деген болжам айтылды. Қазір Қылмыстық кодекстің 292-бабы, өрт қауіпсіздігі қағидаттарының бұзылу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Екі қабатты ғимараттағы дүмпудің күшті болғаны сонша іргедегі 5 қабатты үйдің терезесін қиратқан.

Тыныштық Жақыпов, қала тұрғыны:

- 2-лер шамасында қатты жарылыс болды. Мен мына жерде ұйықтап жатқам. Шошып кеттім де. Терезе шағылып түсті балкон мына жаққа қарай көріп тұрсыз ғой. Целлофанмен жауып қойдым. Ойладым машина жарылған екен деп. Қарасам кафе. Мына кафе 24 сағат істейді де. Халял кафе. Айтады газ баллон жарылды деп естіп жатырмын. Әлі күнге адамдарды іздеп жатыр. Бір-екі бала жоқ дейді осында істейтін.

Рашид Біләлов, БҚО ТЖ департаменті бастығының орынбасары:

- Апаттық құтқару жұмыстарына 110-нан астам жеке құрам, 30-дан астам техника, бүкіл Орал қаласының азаматтық қорғау күштері жұмылдырылып, осы қазіргі таңда ғимараттың ішінде тағы да адам бар екеніне күмән бар. Таза ақпаратты ала алмай отырмыз. Сондықтан да жарылыстың газ қоспасынан болғанын әзірге болжап отырмыз. Осы ғимаратты қазір тазалау, құлаған газ бетондық плиталар және осы құрылыс материалдарын тазарту жұмыстары жүріп жатыр.