Жол-көлік апатын онлайн тіркеуге болады
Жолда көлік соқтығысып қалса жүргізушілер онлайн протокол толтыра алады.
Иә, бұл кептелісі көп қалада уақытқа әжептәуір үнем. «Еуропротокол» қосымшасы арқылы сақтандыру компаниясынан өтемақы алуға да болады. Еуропротокол дегеніміз – ешкім зардап шекпеген жол апатын рәсімдеу. Яғни оқиға кезінде екі жүргізуші кінәліні өзара анықтап, мәселені полиция шақырмай-ақ шешеді.
Бұл елордада болған жол-көлік оқиғасы. Көлікке аз ғана зақым келгендіктен, мәселені жүргізушілер полицияны да, сақтандыру компаниясының өкілін де шақырмай-ақ, онлайн рәсімдеу арқылы шеше алатын еді. Алайда жол апатына 3-ші жүргізуші кінәлі болғандықтан, тәртіп сақшыларын шақырды.
Ерлан Әбішев, жүргізуші:
- Оң жақ қапталдан шыға келді. Поворот жаққан жоқ. Мен өзім жолағыммен келе жаттым. Резко шықты. Мен одан қаштым. Мына кісі осы жақ полосода келе жатты. Сол кезде соған қарай ұрындық. Солай болды. Анау кінәлі кісі қашып кетті.
Біз тағы да бір апаттың куәсі болдық. Бұл жолы да екі тарап полиция шақыртты. Өйткені шығын мөлшері көптеу. Сол себепті еурохаттамаға сәйкес келмейді. Бірақ шығын мөлшері аз болған күннің өзінде жүргізушілер еурохаттаманы пайдаланбас еді. Өйткені жаңа жылдан бастап шағын жол-көлік оқиғаларын полицияны күтпей-ақ жаңа сервис арқылы шешуге болатынын білмейді.
Еурохаттама бойынша рәсімдеген кезде әр жүргізуші декларация толтырып, электронды кілтпен қол қоюы қажет. Онда апатқа ұшыраған көліктердің маркасын, моделін, мемлекеттік нөмірін анықтауға мүмкіндік беретін фото және видео, оқиғаның фото немесе бейнежазбасын, сондай-ақ залал мөлшерін қоса көрсету керек. Деректер онлайн тексеріледі. Жүргізушіге декларация сәтті тіркелгені туралы SMS келеді. Оған дейін оқиға орнынан кетуге болмайды.
Асхат Жұмағалиев, Қалалық полиция департаментінің патрульдік полиция полкінің кезекші бөлімінің басшысы:
- Еурохаттаманы қолдану егер біріншіден, жо-көлік оқиғасына тек 2 көлік құралы қатысатын болса, екіншіден жазатайым оқиғада қатысушылардың жарамды сақтандыру, көлік құралдарының иелерін міндеттелген азаматтық құқықтық жауапкершілік алдындағы полисі болу керек. Үшіншіден, жол-көлік оқиғасы нәтижесінде жол-көлік оқиғасына қатысушылардың көлік құралдарына ғана зиян келтірілген болса, яғни зардап шеккендер болмауы керек.
Жаңа ереже 1 қаңтардан бастап күшіне енді.Осы екі ортада 1099 жүргізуші жол-көлік оқиғасын онлайн рәсімдеуге өтініш берген. Оның 6-ауы тіркелген. Жаңашылдықтың пайдасы кішігірім жол апаты болса, полицияны немесе сақтандыру компаниясының өкілін күтіп, уақыт жоғалтпайсыз. Кінәлі тарап кейін шығынды өтеуден қашқақтаса, сотқа жүгінуге дәлел жеткілікті болмақ.
Авторлары: Әлішер Әли, Жандос Битабаров, Артур Горшяков