Шымкентте есірткі жарнамасымен күрес күшейді
Шымкентте есірткі заттарының жарнамасын жою қолға алынды, деп хабарлайды 24KZ.
Полицейлердің бұл бастамасын белсенді топтар мен еріктілер де қолдап, наркотикалық заттарды насихаттайтын 3 мыңнан аса жазба-суреттер жойылды. Сонымен қатар ғаламторға жүргізілген мониторинг нәтижесінде 6 мыңға тарта сайт пен интернет платформасы бұғатталған. Себебі былтыр қалада есірткіге қатысты қылмыс 34%-ке артып, 600-ден астам құқықбұзушылық тіркелген.
Жалпы 573 күдікті ұсталды. Олардан 139 келіден аса психотропты заттар тәркіленіп, заңсыз сауда айналымынан шығарылған. Жергілікті полицейлермен кездесу өткізген Парламент Мәжілісінің депутаты Болатбек Нажметдинұлы біршама бастама көтерді. Айтуынша, көз сүріндіретін жарнамалық жазбаларды жоюға коммуналдық сала мамандарын тартып, тәртіп сақшыларының прафилактикалық жұмыстарын күшейту керек.
Серік Ергешов, қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары:
- Ұсталғандардың 70% – бұл 35 жасқа дейінгі жастар. Екеуі – кәмелетке толмағандар. Қабылданған іс-шаралардың нәтижесінде өткен жылы 4 есірткі зертханасы жойылды. Оның үшеуі – фитолаборатория, біреуі – синтетикалық лаборатория. Сондай-ақ Telegram мессенджерінде интернет дүкенін ашып, есірткілерді таратқан 5 адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды.
Болатбек Нажметдинұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Мемлекеттің ішінде болып жатқан қылмыстық тасымалдау, осы жерге жеткізу, наркотиктерді істейтін лабораторияларды анықтау оның қайдан келетінін, оның шикізатын анықтау, оны кім істейді? Менің ойымша, осы бойынша ІІД мен ҰҚК бірге сапалы жұмысын көтеру керек деп ойлаймын.