Зерендінің тұрғындары жарыққа жарымай отыр

Ақмола облысына қарасты Зеренді ауданының тұрғындары жарыққа жарымай отыр.

Нақтырақ айтсақ, 40-қа жуық елді мекенде электр энергиясы тапшы. Тіпті кей ауылдың тұрғындары Жаңа жылда жарықсыз қалдық деп налиды. Ал, осы елді мекендегі электр энергиясына жекемекеншік кәсіпорын иелік етеді. Мәселе қашан шешіледі?

Айдарлы ауылындағы жарық күнара сөнеді. Амалы таусылған жергілікті тұрғындар соңғы уақытта элект сымдарындағы ақауды тауып, өздері жөндеуге көшкен. Өйткені аудандық әкімдік пен жеке компания иелері кері байланысқа шықпайтын көрінеді. Тек осы соңғы айдың өзінде элект қуаты 5-6 рет сөнген. 

Мұратбек Салықов, Айдарлы ауылының тұрғыны:

- Бітти бір жел болса свет сөніп қалады. Декабрьдің басында үш күн свет болған жоқ. Содан жаңа жылдың алдында 29-30 күндері свет болған жоқ. 30 күні ауылдың жігіттері өздеріміз жиналып, өзіміз тауып, істедік. Сосын 1-2 күндері болған жоқ. Үші күні таңертен берді. 

Оразбай Құрмашев, Айдарлы ауылының тұрғыны:

- Жаңа жылда светсіз май шаммен отырдық. дватцать первый век дид. Оған мүлдем ұқсамайды. Алдыкүні желде болған жоқ екі күн жайдан-жай сөндіріп тастады. 

Көршілес Қошқарбай ауылында да осындай жағдай. Қыста боран, жазда дауыл соқса, тіпті күн күркіреп, жауын жауса да, жарық сөніп қалады. 

Жәнима Жұмабаева, Қошқарбай ауылының тұрғыны:

- Соңғы кездері жиі-жиі сөне береді жарығымыз. Сол мәселе енді. Түнімен свет болмады алдыкүні. Жаздың өзінде жарығымыз болмай, столбтан сым үзіліп, столб құлап біреудің малы тоққа соғылып өліп қалды. 

Жалпы Зеренді ауданы бойынша 40-қа жуық ауыл жарыққа зәру. Ал елді мекендегі электр энергиясына жиырма жылдан бері жекеменшік бір компания жауапты. Қазір ауылдардағы желілердің 90 пайызы ескірген. Бұл мәселеден жергілікті шенеуніктер де хабардар. Бірақ жекенің қолында болғасын шара қолдануға дәрменсіз. Қазір қос тарап соттасып жатыр.

Есімхан Байғабылов, Зеренді ауданы әкімінің орынбасары:

- Қазіргі уақытта біз осы мәселе бойынша сотқа жүгініп жатырмыз. Әзірге жеке кәсіпорынға қатысты нақты шара қолданылмайды. Тек сот процесі аяқталғасын белгілі болады. Қазір ауылдардағы ақауларды жөндеуге қосымша тағы үш кәсіпорынмен келісім жасалды. Бұдан бөлек сот арқылы біз келтірілген шығын көлемін есептеп, кәсіпорын тарапынан өндіріп алуды көздеп отырмыз. 

Айта кетсек, Зеренді ауданындағы электр желілерінің біразы өткен ғасырдың 90-жылдары жекешеленіп кеткен. Міне, содан бері компания оларды жөндемеген. Ал желіде апат болса, аудан техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялап қана амалдайды. Жалпы облыс бойынша электр желілерінің ұзындығы 30 мың шақырымға жуықтайды. Оның 70 пайызы ескіріп кеткен.

Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко