Тараздағы тұрғын үй алабында ауызсу күніне тек 2 сағатқа беріледі
Тараздағы «Химиктер» тұрғын үй алабының тұрғындары ауызсудан тарығып отыр, деп хабарлайды 24KZ.
«Тіршілік нәрі күніне небәрі 2 сағатқа ғана беріледі», - дейді. Ал аязды күндері ескі құбыр қатып, су келмей қалады екен. Жаңа құбыр тарту жұмыстары бірнеше жылдан бері аяқталар емес.
Халима Рүстембекова Химиктер тұрғын үй алабына 10 жыл бұрын қоныстанған. Су ауласына келіп тұрғанымен, бірде бар, бірде жоқ. Себебі өткен ғасырдың 60-шы жылдары жүргізілген ескі құбыр әр жерден тесіліп, қатты аязда су қатып қалады.
Халима Рүстембекова, қала тұрғыны:
- Бұрыннан салынған мұнара ғой. Содан су алып, су ішеміз. Енді жазда «нормально» болды. Қыста қиналамыз, қатып қалады. Жаңа келе жатқан су құбыры қатып қалады.
Баян Алтаева, қала тұрғыны:
- Су келмей, қысымен суды тасып іштік, анау «контор» жақтан. Біз шал екеуміз тұрамыз да. Бізге өте қиын су тасып ішкен. Қазір сағат 10-дарда ағады. 2-ақ сағатқа береді.
Химиктер алқабында 400-ге жуық абонент бар. Тұрғын үй алабы 5 жыл бұрын 27 саяжаймен бірге қала құрамына кірді. Қала билігі елді мекендегі су мәселесін шешу үшін орталықтандырылған ауызсу құбырын жүргізе бастаған.
Алтынгүл Серікбаева, қала тұрғыны:
- 60% үйлеріңізге кіргізсеңіздер, желтоқсанда, қарашаның аяғында су беріледі деген. Үйге кіргізіп алдық, тапа-тал бәріміз кіргізіп алдық. Әлі жоқ. Енді 6-7 градус аяз болғанда мынандай жерде жатыр, ал ол қатып қалады ғой.
Мерей Бает, тілші:
- Тұрғындардың айтуынша, мұнда орталықтандырылған ауызсу желісі 2 жыл бұрын жүргізіле бастаған. Бірақ содан бері құрылыс жұмыстары әлі аяқталмаған көрінеді. Салдарынан қазылған мұндағы көшелер осындай батпақ болған күйде жатыр.
Құрылыс жұмыстарына қазынадан 1,8 миллиард теңге бөлінді. Жоспар бойынша тұрғындар 2023 жылы таза ауызсуға қосылуы тиіс болатын. Бірақ құрылыс тағы бір жылға созылды.
Қайрат Исмаил, қала әкімінің орынбасары:
- Келісімшарт бойынша 31 желтоқсанда аяқталуы керек болатын. Дегенмен бұл жерде қаражат толық бөлінген жоқ еді. Жергілікті бюджеттен 57 миллион бөліну керек. Соған байланысты бұл 2024 жылға өтпелі болып отыр бұл жоба. Шиелі көшесінде әлі су құбырының желісі жүргізілген жоқ. Осы 57 миллион қалып отырған сома, соның ішінде қамтылады.
Жауаптылар жұмыстың басым бөлігі аяқталғанын айтады. Енді тазалық жұмыстары жүргізіліп есептеуіш құрылғылар орнатылса, көктемде халық таза суға қосылады. Әзірге алқап тұрғындары ескі су мұнарасын пайдалануға мәжбүр.
Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә.