Шымкентте құрылысы ұзаққа созылған орталық көше пайдалануға берілді
Шымкентте құрылысы 5 жылға созылған орталық көшелердің бірі пайдалануға берілді.
Ұзындығы небәрі 4 шақырым болатын Адырбеков атындағы көше күрделі жөндеуден өткізіліп, екі жолақты жол жиегі 15 метрге дейін кеңейтілді. Сонымен қатар, ирригациялық жүйелер мен коммуникациялық желілер ауыстырылды. Көше бойына жаңадан жарық шамдар орнатылып, жаяу жүргіншілер жолағы жол салынды. Бастапқыда құрылыс жобасын 1 жылда аяқтауды жоспарлаған алғашқы мердігердің ісі шала болып, сот шешімімен жұмысы тоқтатылған болатын. Одан кейінгі компания да түрлі кедергіге тап болды. Салдарынан жоба құны 2 миллиард 400 миллион теңгеге дейін қымбаттады. Айта кетейік, қалада уақытында тапсырылмаған тағы 4 бірдей нысанның құрылысы созбалаңға салынып келеді.
Ролан Ибрагимов, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
- 2017 жылы жобалау болған. 2021жылы оны инфляцияның күрт өсуіне байналысты бағасын қайта қарау жұмыстары жүргізілді. Бұл өз кезегінде қосымша проектідегі жоқ жұмыстар да шықты.
Жани Қамбар, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің бас маманы:
- Атап өтетін болсақ, Ақжар мөлтек ауданындағы қосалқы стансаның құрылысы, одан кейін Тұран мөлтек ауданындағы екі көшедегі инженерлік инфрақұрылымды салу және Қонаев даңғылының жалғасы. Құрылыстың ұзаққа созылу себептері үш мәселеден тұрады. Біріншісі жер телімдерін мемлекет мұқтаждығына алу үшін жер иелерімен сот процестерінің жүруіне байланысты. Екіншісі егжей - тегжейлі жоспарлау жобасына өзгерістердің енгізілуі. Үшіншісі жосықсыз мердігерлермен келісім шарттарды бұзуға байланысты.