Елдегі эпидемиялогиялық ахуал әлі де тұрақсыз

Былтырдан бері қызылшамен ауырғандардың саны күрт өсіп, соңғы 10 жылда болмаған көрсеткішке жетті.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында айтылды. Бүгінге дейін 31 мыңға жуық адам қызылша жұқтырған. Сала министрінің айтуынша, ауру жұқтырғандардың 80%-ке жуығы – 14 жасқа дейінгі бала. «Ауырып ем іздегендердің» көбі - екпе алмаған. Үкіметтің жаңа жылдан кейінгі бірінші отырысында елдегі эпидемиологиялық ахуал мен көктемгі су тасқынына қарсы шаралар баяндалды.

Қызылшаның емі – вакцина. Бұл айта айта жауыр болған сөз болғанымен дәл қазір өте өзекті. Ауырып ем іздегендердің саны азаймай тұр. Үкіметте елдегі эпидемиологиялық ахуалды баяндаған Денсаулық сақтау министрі елімізде әлі алты жасқа дейінгі 800 мыңға жуық бала инфекцияға қарсы вакцина салдырмағанын айты. Жалпы соңғы 15 жылда қызылша ауруының өсуі 3 рет тіркелген. 2005, 2015 және 2019 жылдары бұл індет бірқатар өңірде белең алған. Ал былтыр қызылша жұқтыру дерегі барлық өңірде тіркелді.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Бүгінгі таңда қосымша вакциналау шеңберінде 930 мыңнан астам адам егілді. Барлық жоспардан 62 пайызды қамтыды. Күн сайын 20 мыңнан астам адам егіледі. Егу жұмыстары қаңтардың аяғына дейін жүргізіледі. Қостанай Қарағанды, Павлодар, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстары мен Астана қаласында екпемен қамту өте төмен.

Үкімет басшысы да жұртшылықты қызылша ауруына бей-жай қарамай, дер кезінде екпе алуға шақырды. Бұдан бөлек Әлихан Смайылов қызылшаның таралуын тоқтату бойынша жауапты министрліктер мен жергілікті әкімдерге тапсырма жүктеді.

Әлихан Смайылов ҚР Премьер-министрі:

- Әкімдіктер, Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, қызылшаға қарсы вакциналау жұмыстарын күшейтуі қажет. Сондай-ақ, жалпы басқа да профилактикалық екпелермен вакциналауды жандандыру қажет. Жоспарлы екпе алмағандарға ерекше назар аударылуы тиіс. Жол қатынасы қиын және шалғайдағы ауыл тұрғындарын вакциналау үшін жағдай жасау керек. Әкімдер екпе егу мәселесін ерекше бақылауда ұстасын.

Көктемгі су тасқынына дайындық

Үкімет отырысында көктемгі су тасқынының алдын алу мәселесі де сөз болды. Жыл сайын өңірлерді су басып жатады. Биыл да қатер жоқ емес. Бұған дейін 12 өңірде қар шамадан тыс жауған. Төтенше жағдайлар министрі елдегі 1,5 мыңнан астам гидротехникалық құрылыстың 300-ге жуығы әлі де қауіпті екенін айтты. Оның көпшілігі су тасыса халықты құлақтандыру жүйесімен жабдықталмаған. Министр су тасқынына қарсы 39 мыңнан астам адам, 11 мың техника, 500-ден астам жүзу құралы және 3 мыңнан астам мотопомпадан тұратын арнайы топ құрылғанын атап өтті.

Сырым Шәріпханов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

- ТЖМ тарапынан санатталған 76 гидротехникалық құрылым ғана тексерілуіне жататынын атап өткен жөн. Осыған байланысты Су ресурстары және ирригация министрлігі мен әкімдіктер гидротехникалық құрылыстарды жергілікті құлақтандыру жүйелерімен жабдықтауы қажет. Су тасқынына дайын болмау салдарынан толып кету және олардың бұзылуы салдарынан жолдарды су басу проблемасы туындайды, атап айтқанда көлік қозғалысының үзілуіне және жекелеген елді мекендердің оқшаулануына әкеледі.

5-ші ақпаннан 5-ші наурызға дейін «Қазгидромет» тағы алдын ала және нақты болжам ұсынбақ. Міне осыдан кейін қажет болса, тағы резервтік топтар жасақталады. Оңтүстік және солтүстік өңірлерде бұған дейін қар түспей, содан жер қыртысы терең қатуы мүмкін. Бұл да қауіпті. Сондықтан дайындықты ерте бастаған жөн деді ведомство басшысы.

Айнұр Қуатқызы, тілші:

- Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Үкімет отырысында ойпатты жерлер мен су басу қаупі жоғары аумақтарда үй салуға тыйым енгізуді ұсынды. Себебі, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Түркістан және Ақтөбе облыстарында жыл сайын су астында қалатын ауылдар бар. Бұл тұрғындардың қауіпсіздігі үшін аса қажет дейді.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Жандос Битабаров