Атырауда тұрғын үй кешенін салам деген кәсіпкердің басы дауға қалды
Оған тиесілі 46 гектар жер телімінің астынан Каспий консорциумына тиесілі 4 мұнай құбыры өтеді екен.
Компания стратегиялық маңызы бар нысанға кәсіпкерді жолатар емес. Өйткені құбыр маңына нысан салмақ түгілі, рұқсатсыз техника кіргізуге болмайды екен.
Ал жергілікті билік бизнес өкіліне жердің не үшін, қалай берілгенін анықтай алмай отыр. Амалы таусылған бизнесмен енді жауаптыларды сотқа бермек.
Даулы жер қала іргесіндегі Алмалы ауылдық округіне қарайды. Жер иесінің қолындағы құжатқа сүйенсек, осы аумақта тұрғын үй кешені салынуы тиіс. Бірақ, кәсіпкер Самат Сағытжанов жұмысты бастай алмай отыр. Себебі, бұл арадан Каспий құбыр консорциумына қарасты 3 және Кеңқияқ- Мұнайтас мекемесіне тиесілі 1 мұнай құбыры өтіп жатыр. Консорциумның күзет қызметі техникаларды жүргізбей, аяғы шуға ұласқан.
Самат Сағытжанов, кәсіпкер:
- Менің мемлекеттік актімде осы жерді қолдануыма ешқандай тиым салынбаған. Бұлардың алға тартып отырған мәселесі акиматтың публичный сервитут деген қаулысы бар. Ол нормативтік құқықтың акт болғасын «Әділетке» тіркеледі. Оларда ондай қаулы жоқ. Сотқа беремін оларды заң бойынша әкімдік бұл жерді алуы керек.
Бұған дейін талай табалдырықты тоздырған жер иесіне жергілікті әкімдік КТК квазимемлекеттік сектор болмағандықтан, консорциуммен өзің сөйлес,- деп шығарып саған көрінеді. Бірақ мұнайшылар әзірге нақты жауап бермей отыр. Біз консорциум басшылығын 3 сағат күткенімізбен ешкімді кездестіре алмадық. Ал Алмалы ауылының әкімдігі жер иесінің мәселесін шешуді шұғыл қолға аламыз деп сендірді.
Гүлшат Аухадиева, Алмалы ауылдық округінің әкімі:
- Негізі жауапты 3 күннің ішінде беруіміз керек. КТК-ға шығамын, горакиматқа шығамын солардың хабарларын білейін. Мен түсінбей тұрмын. Негізі 2007 де берілген жер ғой, мұнайдың айналасынан беруге болмайды. Біріншіден. Себебі жылма жыл ол жерде жөндеу жүреді ауысады деген сияқты құбырларды ауыстырады дегендей сондықтан ол жерде тұрғын үй болмайды. Ара қашықтық сақталуы керек. Бірақ кезінде беріліп кеткен. Енді шама келгенше пара-пар жер беру ғой, соған сөйлесіп қараймыз.
Әзірге өзара келісімге келмесе де, тараптар шусыз тарқасты. Қазір құрылыс аумағын қоршау жұмыстары тоқтатылды. Қолындағы заңды құжатына сенген жер иесі мәселенің күрмеуін шешпей қоймаймын деп отыр.
Самат Сағытжанов, кәсіпкер:
- Біз алдын ала заңгерлермен ақылдастық сотқа беріп жатырмыз оларды. Заң бойынша әкімдік бұл жерді алуы керек еді. Орнына осы теңдес жер немесе, компенсация төлеп беруі керек. Заңда бар: мұнай құбыры жүргізілген кезде мұнай магистриалды құбыры деп жазылған заңда ол жер кері алынуы тиіс.
Арыстанбек Кенже, тілші:
- Жаз шыға инфрақұрылым тартылады деп отыр. Бірақ әлі күнге дейін консорциумнан, болмаса жергілікті биліктен анық жауап жоқ. Сонда мұнай құбыры өтіп жатқан жерді кезінде қалай берген, жалпы ол болашақта қалай шешіледі? Ол әлі күнге белгісіз.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Амантай Мәтенов