«Qazaq Air» әуе компаниясының акциялары саудаға шығарылды

«Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы былтыр тамызда өзіне тиесілі акцияларды аукционға шығарған еді.

Сөйтіп, 100 пайыз үлесін өзге басқарушы компанияға тапсыру ниетін аңғартқан. «Самұрық-Қазынаның» хабарлауынша, байқаудың 1-ші кезеңі қаңтар айының 29-на дейін жалғасады. Ал оның қорытындысы 16-ақпанда жарияланбақ. 100 пайыз акцияның құны 10 млрд 200 млн теңгені құрап отыр.

12 өңірде ашық аспан режимі жарияланып, бұл режимнің ұзартылғаны қуантады. Дегенмен, әуе тасымалындағы сауда нарығын қалыптастыруда бұл әлі де аздық етеді. Оған 12 аймақтағы транзиттік жолаушы тасымалы тартымдылығының төмендігі себеп. Өйткені, әуежайлардың техникалық мүмкіндігі шектеулі. Әуе отынының жетіспеушілігі тағы бар. Туризм саласындағы консалтингтік компания басшысы Еркін Тикенов осылай дейді. Оның пікірінше, әзірге елімізде Алматы мен Астанадан бөлек, Ақтау әуежайы транзиттік хаб ретінде қолданылады.

Еркін Тикенов, туризм саласындағы консалтингтік компания басшысы:

- Ақтау әуежайы көбіне Кавказ елдеріне транзиттік хаб ретінде қолданылып жатқанын көреміз. Ақтөбе әуежайына шетелдік әуе тасымалдаушы келе ме? Міне, осы жағы қызық болып тұр. Ақтөбе әуежайы Қазақ эйрді басқаруға алатын компания меншігіне өтеді деп күтілуде. Сонда, әуежайды дамытудың инвестициялық жобасы да шетелдік басқарушыға тапрысылады. Міне, сол кезде әуежайдың жағдайы айтарлықтай жақсармақ. Себебі, солтүстіктегі көрші елге жолаушымен қатар, жүк тасымалдаудың мүмкіндігі артады. Демек, алдағы 3-5 жылда әуежайдың дамуы қарқын алмақ.

Астана әуежайы 7,5 жолаушы қабылдады

«Алматы, Астана, Шымкент шаһарларының әуежайлары инвесторлардың басқаруына өтті. Демек осы үш қаланың әуежайы алдағы уақытта өсім көрсетуі мүмкін»,- дейді сарапшы. Онысы рас. 2023 жылдың қорытындысы бойынша әуежай 7,5 млн жолаушыға қызмет көрсеткен. Алдыңғы жылы бұл көрсеткіш 6 млн-нан сәл асқан еді. Демек, жолаушы ағыны 25 пайызға өскен. Ал соңғы екі жылда өсім 50 пайызға жеткен.

Айта кетейік, Шетелдік компанияның басқаруына өткен Астана әуежайының ұшып-қону жолағы көктемде жөндеуден өтеді.    

Туризм тұжырымдамасының теңгерімі

Туризмді дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасында жыл сайын жаңа халықаралық рейстер ашу белгіленген. Бұл мақсатты іске асыруға үш бірдей ведомство – Индустрия және инфрақұрылымды дамыту, Сыртқы істер, Туризм және спорт министрліктері жауапты.

Енді сол тұжырымдамада белгіленген экономикалық индикаторға тоқталсақ. 2029 жылға дейін жалпы қосылған құн өсімін 6 трлн 300 млрд теңгеге жеткізу көзделген. Сонымен бірге туризм саласында 800 мың адамды жұмыспен қамтып, жатын орын мен қоғамдық тамақтану саласына құйылатын инвестицияны 260 млрд-қа жеткізу жоспарда бар. Ал туристік қызмет экспортының құнын алты жылда 5,5 млрд АҚШ долларына жеткізу көзделіп отыр.

Еркін Тикенов, туризм саласындағы консалтингтік компания басшысы:

- Бұған дейінгі 5-6 жыл бұрын үкімет ішкі жалпы өнімдегі туризмнің үлесін 8 пайызға жеткізуді мақсат етті. Бірақ бұған қол жеткізу тым қиын болды. Қазір үкімет 6 трлн теңге мөлшеріндегі сандық индикаторды белгілеп отыр. Бірақ қазіргі инвестиция құю қарқыны қаншалықты бәсеңдегенін көріп, бұған да жету оңайға түспейтінін аңғару болады.