Бұқаралық спорт – ұлт денсаулығының кепілі
Бұқаралық спортты дамыту – бірегей міндет. Мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі.
«Президенттің тапсырмасы бойынша жастар мен жасөспірімдер арасында спортты дамыту, тұрғындар арасындағы спортпен шұғылданатын адамдар санын көбейту жұмыстары ширап келеді» - дейді құзырлы министрлік.
Қазір елімізде 8 млн-нан астам адам жүйелі түрде спортпен айналысады. Бұл – халықтың 40 пайызы. Яғни, олар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсыныстарына сәйкес, аптасына кем дегенде 3 сағатын спортқа арнайтындар. Азаматтарды жас ерекшеліктеріне қарай бұқаралық спортқа тарту жұмыстары жүзеге асып жатыр. Кешенді іс-шаралар 3 пен 5 жас аралығындағы мектепке дейінгі балалардан бастап, 65 жастан асқандарды қамтиды. Бекітілген концепцияға сәйкес, Туризм және спорт министрлігі 2029 жылға қарай халықтың тең жартысын спортқа тартуды жоспарлап отыр. Бүгінгі таңда бұқаралық спорттың даму көрсеткіштері бойынша Түркістан облысы, Астана, Алматы қаласы көш бастап тұр.
Көш бастап тұрған аймақтар:
Түркістан облысы - 41,63%
Алматы - 40,5%
Астана - 37,5%
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Президент жыл сайынғы халыққа Жолдауында бұл саласының көкжиегін кеңейтуга басымдық береді. Жуырдағы Жаңа жылмен құттықтауында да спорт туралы айтуды ұмытпады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
- Елімізде кәсіби спортпен қатар, бұқаралық спорт қарқынды дамуда. Әсіресе, балалар дене шынықтырумен белсенді айналысатын болды. Сол себепті мемлекет ауылдық және қалалық жерлерде жаңа спорт нысандарын салып жатыр. Сондай-ақ алдағы жылы елімізде Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтеді. Спортшыларымыз Жазғы олимпиадаға қатысады. Түптеп келгенде, әр азамат өз саласының нағыз маманы болуы керек. Сонда ғана Отанымыз өсіп-өркендейді.