Ақтөбе облысындағы созбалаңға салынған құрылыс

Ақтөбе облысында көпшіліктің спорт және дене тәрбиесімен айналысуы үшін биыл 19 нысан салынады.

Алайда, өңір орталығы мен төрт ауданда бірнеше дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы көп жылдан бері ақталмай тұр. Оған себеп қажетті материалдардың қымбаттауы. Ал кей кешендердің кешігуіне себеп мердігерлердің жауапсыздығы. 

Бұл Темірбек Жүргенов ауылындағы дене шынықтыру сауықтыру кешені. Құрылысы 2018 жылы басталса да, әлі бітетін түрі жоқ. Осы уақытқа дейін бірнеше мердігер мекеменің қолына өткен. Алайда, ешқайсысы салып бітіре алмады. Бүгінде облыс бойынша дәл осындай құрылысы ұзаққа созылған бес спорт кешені бар.

Аслан Жарасбаев, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

- 350 млн-нан 700 млн, 800 млн-ға дейін барады жоба құндары, әрқайсысы әртүрлі. Мәселен тек Әйтеке би ауылындағы спорт кешенінің құрылысының әзір сот процестерінің қашан аяқталатынын білмейміз. Соған байланысты қазір ашық күйінде тұр. Бірақ, биылғы жылы оны да бітіргіміз келеді. Ал қалғандарының барлығы биылғы жылы аяқталады.

Ал өңір орталығында су спортына қызығушылық жоғары. Дегенмен, сұранысты толық өтей алатындай нысандар аз. Тек жалғыз 50 метрлік, 10 жолақты бассейні бар қаладағы «Достық» мектебі бүгінде демалыссыз жұмыс істеуге мәжбүр. Себебі, тұрақты түрде жаттығатын 860 баладан өзге, түскі және кешкі мезгілде келетін мыңға жуық тұрғын бар.

Ләззат Бектурлиева, "Достық" су спорты түрлері бойынша ОБЖСМ директорының орынбасары:

- Сабақ кестесіне сәйкес, барлығын сыйдыртып, жұмысымызды жалғастырып жұмыс жасаймыз. Басқа амал жоқ. Енді әрине, мұндай бассейннің тағы бір 2 бассейні болғанда бізге жақсы болар еді.

Бүгінде облыста 100-ден астам спорт түрі дәріптеледі. 1643 нысан бар. Оның санын ұлғайту үшін жыл сайын қажетті инфрақұрылым желісін дамыту көзделіп отыр. Тек биылдың өзінде, 10-нан аса спорт кешені пайдалануға берілмек. 

Ерболат Қуандықұлы, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бас маманы:

- Енді әртүрлі деңгейде бізде ФОК-тар салынып жатыр. Сонымен қатар, футбол академиясы ашылайын деп жатыр қаламызда. Тағы да орталық стадионның құрылысы жоспарланып жатыр. Енді бұқаралық спортты дамыту үшін жұмыстар жүргізіп жатырық.

Мамандардың айтуынша, қазір өңір халқының 42 проценті бұқаралық спортпен шұғылданады. Енді бұл көрсеткішті 2029 жылға дейін 50 процентке жеткізу жоспарланған.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев