Еліміздің кинологтары есірткі тасымалының 29 дерегін анықтады
Еліміздің кинологтары өткен жылы есірткі тасымалының 29 фактісін анықтады.
Бұған қоса шекарадан валютаны заңсыз алып өтпекші болған 18 адамды ұстаған. Осындай заңсыз әрекеттерді иісшіл иттер әшкерелепті. Мұндай қызметтік иттер Алматыда Қаржы мониторинг агенттігі жанындағы кинологиялық орталықта дайындалады.
Кинологиялық орталық иісшіл иттерді күшік кезінен тәрбиелейді екен. Нақтырақ айтсақ, екі айдан бастап қызметтік жолдың алғашқы қадамдары басталады. Отыр, жат, жүр деген бұйырықты үйретеді. Ойыншықтарды іздетіп, кедергілерден өткізеді. Мұның барлығы ойын түрінде өтеді. Күшік 6 айдан асқан соң арнайы алаңдардағы жаттығу арқылы қабілеті тексеріледі.
Рүстем Байғуданов, ҚР Қаржы мониторингі агенттігі кинологиялық орталығының бөлім басшысы:
- Алты, жеті айлықтан өткен күшіктерді біз мысалы есірткі құралдарының ұсатқыштарына, жарылғыш құралдарының ұсатқыштарына, туындыларға, валютаны іздеуге үйретеміз. Ең басты критерий жаңағы сүйікті ойыншығын әкеліп беру, іздеп тауып, әкеліп беру. Ғимараттан кейін автотранспортты да тексереміз. Автотранспорттың салонына кіргіземіз, қозғалтқыш бөлігі одан кейін жүк салғышқа кіргіземіз.
Бұл алғашқы емтихан іспетті. Осы сынақтың кезінде қай күшіктің қай бағытқа бейім екені белгілі болады. Бірі есірткі, екіншісі валюта, үшіншісі жарылғыш зат іздеуге үйренеді. Ең батылдары қылмыскерлерді ұстауға машықтанады. Күнделікті дайындықпен қатар денсаулықтары да мұқият тексеріліп тұрады. Екі жасқа толған соң ғана кинологиялық қызметке кіріседі. Иісшіл иттер жаттығу кезінде де шынайы валюталарды, есірткі заттарын іздеп, солардың иісіне дағдыланады екен.
Марат Күмісбаев, ҚР ҚМА Аймақтық кинологиялық орталық басшысының орынбасары:
- Кинология орталығының ерекшелігі – қызметтік іздестіру иттерін осы жерде өзіміз өсіріп, өзіміз дайындап және аймақтағы кинология бөлімшелеріне өткіземіз. Өткізгенде үш айлық бағдарламалар бойынша үш айға келіп, кинолог мамандар осы жерден қызметтік итті алып, соларды оқып, дайындап өздеріне бөлімшелеріне қайтады.
Кинологиялық орталықта екі жылдың ішінде 60-тан аса бригада дайындалған. Қазір олар еліміздің әр өңіріндегі құқық қорғау органдарында қызмет етеді.
Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев