Иттер неге дала кезіп жүр?
Астананың шетінде орналасқан жануарларды уақытша ұстау изоляторында дау шықты, деп хабарлайды 24KZ.
Себебі ондағы иттерге жағдай жасалмаған. Азулылар әбден ашыққан. Ол аздай мұнда маман тапшы екен. Осыдан жағдай ушыққан. Иттердің мәселесі бойынша еріктілер бірнеше рет депутаттарға шағымданыпты. Соған сәйкес бүгін сенаторлар «Стопотлов» базасына барып, жағдайды өз көздерімен көріп қайтты. Бұл нысан негізі 300 орынға шақталған, бірақ мұнда дәл қазір 3000-нан аса ит бар. Тағы күн сайын 35-40 иттен қосылады екен. Орын жетіспеушілігінен азулылар дала кезіп, қаңғып жүр. Тіпті көршілес маңдағы тұрғындарға шабуыл жасайтын болыпты.
Бибігүл Жексенбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Мұндай орындарда иттерге қарауға мүмкіндік жоқ болса, онда оларды бір жерге үйіп-төгудің қаншалықты қажеті бар? Барынша ұстау уақытын, мерзімін қысқарту керек. Екіншіден, чиптеу керек және әр иттің иесін табу, идентификациялау керек. Осы бағытта заң қарастырамыз.